Пентагонның жоғары әскери лауазымдысы Жозеф Данфорд сәрсенбі күні берген мәліметінде, Солтүстік Кореямен әскери жауаптасу болып жатқан жағдайда, қиыншылықтар тумауы үшін, Қытай өкілдерімен АҚШ-Қытай арасындағы әскери ынтымақтастық ісіндегі бірқатар мәселелерді ақылдасқанын айтты. Осыдан екі күн бұрын Жозеф Данфорд Корей түбегіне үш тараппен әскери ынтымақтастық мақсатында аттанған болатын. Бұл туралы The Wall Street Journal басылымы хабарлап еді.
Данфорд сәрсенбі күні Қытайдың Қытай-Солтүстік Корея шекара бақылау бас штабына сапарлай барып, ондағы Қытай Азаттық армиясы әскерилерінің жаттығуын көрді. Оның бұл сапарының жоспары Трамп пен Ким Жоң Унның (Ким Чен Ын/Kim Jong Un) «ауызша соғысы» басталмай тұрып жасалған болатын. Бірақ екі ел басшыларының ортасындағы сөз жарыстан кейін Данфорд сапары Корей түбегі қайшылығының ең нашар тұсында жасалды.
АҚШ шенеуніктерінің берген мәліметінде: "Данфорд сапарында көрген Қытайдың солтүстік-шығыс әскери бөлімінің әскери оқу-жаттығулары Корей түбегінің қайшылығын шешуге жетерлік әскери қуатты көрсетіп бере алмаған. Ал, Қытай Қорғаныс министрлігі баяндамасына қарасақ, Данфордты қабылдаған әскери бөлімше жақында ғана жасақталған құрама әскери бөлімдер болып, ол Қытайдың солтүстік шығыс әскери бөлімінің соғыс қуатын толық әйгілеуге қауқарсыз", - делінді.
АҚШ әскери лауазымдысының сапарының басты мақсаты - АҚШ-қа одақтас Жапония мен Оңтүстік Кореяға «Күні батпас» Американың достық, одақтастық пейілін таныту. Сын сағатта одақтасын ұмыт қалдырмайтынын білдіру. Одан қалса, Корей түбегіне қару сілтеуге тура келіп жатса, жағасынан Қытай армиясы ала түсудің алдын алу үшін болды. Қытай мен Солтүстік Корея тарихтан бері одақтас болып келеді. Арадағы біраз жылдың кірбеңдігін айтпағанда, Қытай КХДР-ға көмегін аяған емес-ті. Алайда, екі елдің әскери одақтастығы тек 1950 жылдардың бас шенінде, Корей түбегі екіге бөлініп жатқан кезде ғана болған. Сол кезде Қытай Азаттық армиясы қалың қолын аттандырып, Солтүстік Кореяның АҚШ-қа қарсы соғысына жәрдем берген.
Бүгінде жағдай өзгерді. АҚШ-тың дегеніне көнбесе Қытай экономикасының миллиардтаған табысы кемиді. Сондықтан Солтүстік Кореяның артық тентектігі Қытайға да ұнай бермейді. Бұл кемінде Қытай армиясының шын соғыста Солтүстік Кореяны қолдамайтынын анық көрсете алады. Тіпті Қытай осы орайды мықты ұстап, АҚШ-пен өмірі орнамаған әскери ынтымақтастықты жүзеге асырып алса, «екі алып биге шығады".
Соңғы айларда Қытай армиясының қарбалас күйі, Корей түбегі жағдайына алдын ала дайын болу үшін болғаны анық. Бірақ, бәрі бірдей, Қытай армиясы майданға шыққан күннің өзінде алдынан америкалық әскери күштің кезіккенін қаламас еді. Сонымен бұл болып жатқан әскери ынтымақтастықтың басты қадамы Қытайдың ұстанымындағы жаңа бір өзгерісті көрсетіп тұр. Ақ үй өкілдері бұл әскери байланыстың жан-жақты салаларда дамығанын қалайды. Айталық, АҚШ-тың Оңтүстік Кореяда тұратын әскери базасы мен Қытай әскери күштері арасында байланыстың мығым болғанын үміт етеді. Егер бұл ойы жүзеге асса, ортада отырған Солтүстік Корея «бұғалық киген асаудай, бұлқынып ала қаша алмай» еріксіз көнер еді. Әрі шекара тұрақтылығында да АҚШ пен Оңтүстік Корея ғана емес, Қытайға да жауапкершілік арқалата алады.
Бұл ынтымақтастықтың Қытайға берері не? Қытай егер АҚШ-пен сенімді әскери ынтымақтастықты жүзеге асырса ең әуелі әскери күшіне Тынық мұхитқа жол ашылар еді де, Жапон-Қытай дауында АҚШ шегініп тұрар еді. Тіпті Оңтүстік Қытай теңізінде де Қытайдың өктемдігі артып, Азиядағы айбыны асқақтайтын ба еді, қайтер еді. Оны былай қойғанда, АҚШ-пен ынтымақтастық арқылы кемеліне келіп жетпеген қорғаныс жүйелерін тастай қатты берік етерлік техникалар алмасуына болатын да еді.
АҚШ әскери сарапшыларының айтуына қарағанда, Қытайдың алға қойған жоспары - Қытай-АҚШ бірлескен әскери қосынын құрса, оның әскери тұрақтарын Қытайдың Солтүстік Корея шекарасына жақын аумағына орналастырып, Солтүстік Кореяның ядролық нысандарына ортақ бақылауды жүзеге асыру. Оның астарындағы жатқан басты мақсат - ынтымақтастық арқылы Қытай солтүстік шығыс іргесін берік етіп қалмастан, АҚШ-тың Оңтүстік Кореяға орнатып жатқан «Сад» зымыранға қарсы жүйесін тоқтатып тастау болса керек.
Сонымен, бүгінгі құбылмалы саясат Қытай мен Солтүстік Кореяның тарихи одақтастығын тұғырынан тайдырғалы тұр. Мың құбылған Солтүстік Шығыс Азия жағдайы бүгін өз бейнесін осылай аңғартады. Ал, АҚШ пен Қытай әскери ынтымақтастығы қаншалықты деңгейде жүзеге асады? Қытай өз діттегеніне жете ала ма әлде АҚШ өз мақсатына Қытайдан бұрын жетіп, Азия-Тынық мұхиттағы ықпалын асыра түсе ме? Бұл сұрақтардың жауабы көп өтпей-ақ табылады.