АҚШ, Қытай, Оңтүстік және Солтүстік Корея төрт ел өткен ғасырдың ортасында басталған Корей соғысының ресми аяқталғанын жариялауға келісті.  Бұл туралы Оңтүстік Корея президенті Мүн Жа-йн Аустралия астанасы Канберрадағы ресми мәлімдемесінде ортаға салды.

Аустралия-Оңтүстік Корея екіжақты саммиті кезінде президент Мүн Жа-йн Сеул билігі Оңтүстік пен Солтүстік Корея арасындағы және Солтүстік Корея мен АҚШ арасындағы тығырыққа тірелген келіссөздерді қайта бастауға күш салатынын жеткізді.

Дегенмен, президент Мүннің айтуынша, Солтүстік Кореяның кейбір талаптарына байланысты қазіргі таңда келіссөздер басталған жоқ.

Қыркүйек айында Солтүстік Кореяның ең жоғары басшысы Ким Жоң Унның (Ким Чен Ын) қарындасы Ким Ио Жоң Солтүстік Корея келіссөздерді қайта бастау туралы бастаманы қабыл алатынын, бірақ Америка Құрама Штаттары  КХДР туралы саясатын өзгертуі керек дегенді айтқан.

Қазірге дейін Солтүстік Корея Америка Құрама Штаттарының Оңтүстік Кореяда әскер ұстауына, АҚШ пен Оңтүстік Кореяның жыл сайынғы бірлескен әскери жаттығуларына және Солтүстік Кореяның АҚШ бастаған қару-жарақ бағдарламасына салынған санкцияларына наразы болып келеді.

Ал, Уашингтон болса АҚШ өз санкцияларын алып тастаудан бұрын Солтүстік Корея өзінің ядролық қаруынан бас тартуы керек екенін қайталап келеді.

Оңтүстік Корея президентінің мәлімдеуінше Солтүстік Корея АҚШ-тың өзіне бағыттаған саясатынан бас тартса ғана соғыс тоқтату туралы соңғы келіссөздерге келуге дайын екенін айтқан.

Корей соғысы 1950 жылы басталып, 1953 жылы бейбітшілік келісімімен емес, тек соғыс тоқтату бітімімен ғана тоқтаған болатын. Содан бері екі Корея арасы соғыс күйінде болып келді.

Мүн Жайн Оңтүстік Корея билігіне келгеннен бері биліктің басымдығын екі Корея ортасындағы қарым-қатынасты жақсартуға шоғырландырды. Ол бұған дейін соғыс тоқтатып, бейбітшілік келісіміне келу Солтүстік Кореяны ядролық қарудан бас тартуға итермелейтінін айтып келген еді.

The Qazaq Times