Қазақстан Республикасында медициналық қызмет көрсету қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына қол қойылып, заңды күшіне енді. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

"Жедел медициналық қызметтер (ЖМҚ) туралы жаңа медициналық бұйрық Қазақстан Республикасының халқына жедел және шұғыл медициналық көмек көрсетудің сараланған тәсілін ұсынады", - делінген баспасөз хабарламасында.

Жедел шақыртулар санаттары бойынша белгілеріне (синдромдарына) қарай бірнеше категорияға топтастырылған. Сонымен:

- 1-ші категория: пациенттің өміріне тікелей қауіп төндіретін, шұғыл медициналық көмек талап етілетін жағдайда бригаданың келетін уақыты 10 минутқа дейін;

-2-ші категория: пациенттің өміріне ықтимал қатер төндіретін,  медициналық көмексіз жағдайда бригаданың келетін уақыты 15 минутқа дейін;

- 3-ші категория: пациенттің денсаулығына ықтимал қатер төндіретін,  медициналық көмексіз жағдайда бригаданың келетін уақыты 30 минутқа дейін;

- 4-ші категория: пациенттің жағдайы жіті аурулары немесе созылмалы аурулардың асқынуымен, кенеттен және айқын көрінген ағзалар мен жүйелердің бұзылуымен көрінетін, науқастың денсаулығына және өміріне тікелей қауіп жоқ жағдайда бригаданың келетін уақыты 60 минутқа дейін болады.

Министрліктің мәліметінше, алғашқы 3 категория жедел медициналық көмек станциясы деңгейінде көрсетілетін болады, ал 4 категория емханалардағы жедел медициналық көмек бөлімшелері деңгейінде көрсетіледі, яғни емхана деңгейінде жедел медициналық көмек көрсететін бөлімшелер тәулігіне 24 сағат бойы шақыртуларды қабылдайды.

Жаңа бұйрыққа сәйкес, алғашқы көмек бригадасының келуіне дейін жедел медициналық көмек медициналық білімі жоқ адамдармен көрсетілуі мүмкін: полиция қызметкерлері, патрульдік қызмет, білім беру, көлік, өнеркәсіп кәсіпорындарының, әлеуметтік сала және т. б.

Сондай ақ, осы бұйрықтың жаңа форматында стационарлардың ауруларды қабылдау бөлімінде пациенттердің триаж-сұрыптауын күшейту және оларды кез келген патологиямен қабылдау ұсынылады.

“The Qazaq Times”