Қырғыз орталық қаласы Бішкекке Өзбекстан премьер-министрі келіп, екі үкімет арасында жаңа кеңес орнап отыр. Өзбекстанның үкімет басшысы Абдулла Әріпов ресми сапарында, қырғыз басшысы Алмазбек Атамбаевпен кездесті. Қазір екі елдің үкімет арасында шекара даулы түйіндерімен, ел аралық қарым-қатынасты ретке салу істері талқылануда. Бұл өзбек елінде орнаған жаңа үкімет сапынан кейін, қырғыз бен өзбек арасында ынтымақтастықты жолға қойған үлкен қадам деп саналады.
Қырғызстанның үкімет өкілдері Өзбекстан жоғары лауазымдысының сапары және екі ел үкіметаралық комиссияның отырысы екіжақты қарым-қатынастардың дамуына жақсы ықпал көрсетеді деп бағалап отыр. Сонымен көршілес әрі бауырлас екі ел арасында түсіністіктер мен кеңшіліктер орнағалы тұр деп үміттенуге болады.
Өзбек-қырғыз арасында орнаған шекаралық қайшылықтарға ұзақ уақыт болды. Екі ел арасы Ислам Кәрімовтың тұсында бірде тату, бірде қату болды. Өзбекстан билігінің ауысуынан көп өтпей, қырғыз елінің де билік сапы жаңару алдында тұр. Енді оңтүстігіміздегі екі туыс көршіміз ынтымақ іздеп жатса құба-құп демеске болар ма?! Алайда, шекара өңірде қордаланған мәселе біршама күрделі. Екі елге кезек өтіп жатқан шекаралық ауылдардың бөліс мәселесі, ондағы қырғыз, өзбек ұлттарының қоныстануы, оған қоса аса маңызды болған шекаралық су мәселесін оңды шешуге турал келеді.
Қазіргі уақытта қырғыз үкіметін басқарып отырған Жұмағұл Соданбеков екі ел арасындағы түсінбестік пен іріткілерді бұрынғы Өзбекстан билігінің менсінбеушілігінен келіп шықты деген пікірін екі үкімет арасындағы отырыста ашық ортаға салды. Ол сөзінде: «Он жылдан бері қалыптасып келген кірбеңдік, президент Кәрімовтың қатал саясатынан туындады. Ол кісі қатал адам еді. Қырғызстанды әлсіз ел санайтын көзқарасынан айнымады. Тіпті, су мәселесіне келгенде соғыс ашу қадамына да бара жаздады. Міне осындай біржақты, тура емес саясаттың салдарынан мәмілелер бұзылған еді. Ал, Шавкат Мирзияев келіп, атмосфера өзгерді. Көрші елдермен мәмілені жақсарту саясатын жолға қойып отыр. Өзбекстан осыған дейін өзімен шектескен үш ел – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстанмен де қарым-қатынасы жақсы емес еді», – деді.
2005 жылы Әндіжан оқиғасы және 2010 жылы Қырғызстандағы Ош оқиғасынан кейін екі ел шекарасы бір тарапты жабылды. Шекаралық қарым-қатынаста қатаңдастырылды. Бұл әрине екі елдің де сауда-саттық істеріне үлкен кері әсерін тигізген болатын. Дегенмен әзірдің өзінде де екі ел шекарасында қалыпты сауда-саттық қалыптасып кете қойған жоқ.
Қырғызстан мен Өзбекстан бөліп алған Ферғана аймағы қырғыз бен өзбектің басты қайшылығы. Шекара маңында жанжалдар мен оқ шығару оқиғалары әркезде де болып келеді. Осы мәселелерді бір шешімге шығарып, екі ел арасындағы кірбеңдікті жою үшін былтырғы жылдың осы уақытынан бері қырғыз-өзбек үкіметтері 14 рет кездесу отырысын өткізген екен.
Бұл отырыстардың нақты нәтижелері көрінбеген күннің өзінде, он жылдан бері бір-біріне тоңтеріс қарап келген бауырлас екі ел, береке іздеп, татулыққа бет бұрғаны анық болды. Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы татулық пен салқындық бауырлас және Орта Азияны бөле қоныстанған біз үшін де өзіндік әсерін тигізеді. Сондықтанда, ұлы Тұран даласының құдіретті күш алуы үшін тамыры бір ағайынның татулығын біз де қалар едік.