Өзбекстан экс-ішкі істер министрі 14 жылдан кейін Әндіжан оқиғасы жөнінде сұхбат берді.
1991-2005 жылдар аралығында Өзбекстан ІІМ болған Закир Алматов 2018 жылдың ақпан айында ішкі істер министрінің кеңесшісі болып тағайындалған. Ол Шавкат Мирзиеев билік басына келгелі экс-президент Ислам Кәрімовтың «қара тізіміне» іліккендердің арасында алғашқылардың бірі болып ақталды және үлкен саясатқа қайтып оралды. Алматов бұған дейін «Әндіжан оқиғасына» байланысты «Вестник Кавказа» басылымына сұхбат берген. Жақында Алмтов кезекті рет «Әндіжан оқиғасына» байланысты өзбекстандық «Qalampіr» тәуелсіз басылымына сұхбат берді.
Сұхбатта экс-министр 2005 жылы болған «Әндіжан оқиғасы» қызметтік мансабындағы ең ауыр уақыт екендігін айта келе, халықаралық қауымдастық өкілдерінің болған жағдайға әділ баға бермегендігіне тоқталды.
«Мен еуропалық және америкалық шенеуніктерден сұрадым: «Сендер менің орнымда болсаңдар не істер едіңдер?» – деп. Олар айтты: «Сен істегенді қайталар едік» - деп. Бірде-бір ел террористермен келіссөз жүргізбейді» - деп мәлімдеді Алматов.
2005 жылы болған қанды қырғында көз жұмғандардың нақты санын сұраған журналист сұрағына Алматов: «Көз жұмғандар саны Өзбекстанның сыртында айтылған болжамдардан әлде қайда аз. 1000 адам емес, 500 адам емес одан да аз адам көз жұмды» - деп жауап берді. Бұдан бөлек ол Әндіжан оқиғасын алдын ала болжап, оған тосқауыл қоя алмағанына өкінетінін айтты. Сарапшылар осы сұхбаттан кейін экс-министрдің БАҚ беттеріне жиі шыға бастауына: «жасаған істері үшін халық алдында ақталудың амалы» деген баға беруде. Олар өз сөздеріне дәлел ретінде журналист Бабамұрат Абдуллаевтың 2003 жылы жарық көрген мақаласынан үзінді келтіреді. Онда Абдуллаев сол кездегі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Рустам Иноятов пен ІІМ Закир Алматовтың Ислам Кәрімовтың көзіне түсу үшін өзара бәсекелескенін айтады. Бұдан бөлек мақала авторы Алматовтың бизнес-магнаттар Салим Абдувалиев пен Ғафур Рагимовтың бизнес көзқарастарын қорғағаны жөнінде де бірқатар дәлелдер келтіреді. Бір қызығы Алматов Абдувалиев пен Рагимовтың есімдерін сұхбат барысында да атайды. Ол оларды «өз елінің патриоты, қайырымды азаматтар» - деп сипаттайды.
Жалпы, Өзбекстанда осы уақытқа дейін «Әндіжан оқиғасы» жөнінде сұхбат беруді қойып, ол туралы сөз қозғаудың өзі мүмкін емес болды. Халықаралық сарапшылардың сөзінше, Шавкат Мирзиеев аталмыш оқиғаға тікелей қатысы бар Закир Алматовты үлкен саясатқа алып келіп, БАҚ өкілдеріне сұхбат бергізу арқылы халықаралық қауымдастық алдында Өзбекстанның ашық саясатқа көшкендігін дәлелдеуге тырысуда және осы арқылы Ішкі істер министрлігінің халық алдындағы беделін көтеруге талпынуда.