Құрамынан улы фипронил табылған жұмыртқалар Еуропаның 15 мемлекеті мен Швейцарияға таралып, үлкен дауға ұласты. Осыған орай қалыптасқан мәселені талқылап, ортақ қорытынды шығару үшін Еурокомиссия осы жылдың 26 қыркүйегінде басқосу өткізеді. Бұл туралы APF ақпараттық агенттігі жазды.
Инсектицидпен зақымдалған миллиондаған жұмыртқалар Еуропа дүкендері сөрелерінен алынып, ондаған құс фабрикалары жабылды. Нидерланды, Бельгия мен Германия бірін-бірі фипронилдің таралымы туралы біле тұра, қалған Еуропа мемлекеттерін құлақтандырмаған деп айыптап, азық-түлік қаупін жасырған кінәлілерді табу төңірегіндегі дау өршіді.
Еуропаның азық-түлік қауіпсіздігі мен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі коммиссары Витенис Эндрюкайтистің пікірінше, алдағы жоспарланған кездесу ең алдымен, Еуропа мемлекеттерінің бірін-бірі айыптап, әлем алдында ұятқа қалу процесін доғару үшін қажетті шара. Ол қарама-қайшы пікірлерді қойып, бұл дағдарысты бірігіп еңсеру керек деп есептейді.
Осы аптада Францияның ауыл шаруашылық министрі Стефан Траверт Бельгия мен Нидерландыдан келген 250 мың жұмыртқадан фипронил табылғанын жеткізді. Дәл осындай мәлімдеме жасаған елдер қатарында Бельгияны айыптап отырған Дания мен Германиядан жұмыртқа сатып алған Польша да бар.
Еуроодақ аталған жұмыртқа дауы кесірінен ауруханаға түскен науқастар тіркелмегенін айтқанымен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы фипронилдің адамның бауыры мен бүйрегіне және қалқанша безіне өте қауіпті екенін алға тартып отыр.
Тағы бір атап өтетін жайт, осы аптада Гонконгқа Нидерландыдан жұмыртқа тасымалданғаны белгілі болды. Гонконгтың денсаулық сақтау министрі Софья Чан Еуропадан келетін тауарлар инспекциясының күшейетіндігін мәлімдеді. Гонконг - Еуропаны дүрліктірген "жұмыртқа дауына" қатысы бар болуы мүмкін алғашқы Азиялық қала.