Еуроодақ Польшаға сот реформасына қатысты қатаң шараларын жеңілдетуге бір ай уақыт берді. Мұндай ультиматум қоюға Польша билігінің елдегі соттарды қызметінен күштеп босату, оларды таратуға қатысты жасаған әрекеттері себеп болған. 

Еурокомиссия басшысының орынбасары Франс Тиммерманс Брюсселде журналистерге берген сұхбатында: "Еуроодақ Польшаға қалыптасқан мәселелерін шешуге бір ай уақыт береді. Егер осы уақыт аралығында Жоғарғы сот қызметкерлерін күштеп зейнетке шығару не жұмыстан босату орын алатын болса, онда ортақ құндылықтарды бұзғаны үшін  Польшаға қарсы 7-бап қолданылып, ол комиссия құрамында дауыс беру құқығынан айырылады", -деді.

Польшаның басқарушы билігі қолға алып отырған реформаға сәйкес, Әділет министрі Жоғарғы Сот қызметкерлерін қызметке тағайындау не оларды жұмыстан босату туралы шешімді жеке қабылдайтын болады. Еуроодақ бұл заң жобасының қабылдануы, сот тәуелсіздігіне нұқсан келтіріп, Еуроодақ келісімшарты ережелерін бұзады деп отыр.

Ел ішінде орын алған жалпыхалықтық қарсылықтардан соң, Үкімет жоспарының ең қайшылықты бөлігіне Польша Президенті Анджей Дуда вето жариялап, қол қоюдан бас тартты.

Польшаның Еуропа істері бойынша Сыртқы істер министрінің орынбасары Конрад Шиманский Еурокомиссияның айыптауларын негізсіз деп тауып, әр мемлекеттің сот жүйесін өзі ұйымдастыру құқығына ие екендігін жеткізді. Польша Үкіметінің өкілі Рафал Боченек те:  "Еуроодақтың мемлекеттің ішкі істеріне араласуына жол бермейміз!", -деп мәлімдеді.

“The Qazaq Times”