Польша арнайы қызметі тыңшылық айыбымен бір ресейлік және бір Беларусь азаматын тұтқындағанын мәлімдеді. Алғашқы ресми мәліметтерде екі азаматқа Польша-Беларусь шекарасындағы әскери орналасу бойынша мәлімет жинады деген күдік тағылған. Егер, екі азаматқа қатысты бұл айып дәлелденсе он жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Польша ЕО елдері арасында Украинамен ең тығыз мәміле-байланыстағы ел. Одақ ішінде Украинаның мүддесін көбірек көтергені және белгілі. Ал, Ресей Украинаға басып кіргеннен бері Польша ең көп украиналық босқындарды қабылдады. Бұған қоса Украинаға жетіп жатқан әскери және әлеуметтік көмектердің басым көбі осы поляк жері арқылы Украинаға кіреді.
Естеріңізде болса, наурыз айында Варшава билігі тыңшылық жасады деген айыппен 45 ресейлік дипломатты елден шығарған болатын. Ал, BBC-дің Польшадағы қызметі жазғандай, Ресей Украинаға басып кіргеннен бері, елде «Ресей тыңшысы» деген күдікпен ұсталғандар көбейген. Сәуірдің өзінде осындай айыппен Ресей және Беларусь азаматтарынан 5 адам тұтқындалған.
17 наурызда Польша тыңшылық айыбымен 45 ресейлік дипломатты елден қуа отырып, бұл шешімді «Ресейдің Польша Республикасы және оның одақтастарына қаратқан саясаты, әрі Украинаға жасаға агрессиясына байланысты» қабылдағандарын айтқан. Бұл дегеніміз Ресейдің дипломатиялық қызметі үшін ең ауыр айыптардың бірі.
Польша орыс дипломаттарына тағылған айыпты тыңшылық бойынша польшалық азаматты тергеу кезінде анықтағанын да қоса білдіріп еді. Яғни, елдің ішкі қауіпсіздік қызметі Польша азаматын осы айып бойынша тергеу барысында Ресей дипломаттарының қатысы бары анықталған.
Айта кету керек, соңғы жылдары Варшава мен Мәскеу арасындағы мәміле салқындап, «дипломатиялық өш алу» әрекеттері жиі қайталанды.