Қазақстанда 80-нен астам кәсіпорын жаңғыртуды талап етеді: кейбіреулерінде технологиялық желілерді, кейбіреуінде – жабдықтарды алмастыру қажет. Бұл туралы  ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Оның сөзінше, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорындарға мемлекеттік қолдау көрсету шаралары қолға алыну керек.

«Кейбір кәсіпорындарда әлі күнге дейін 60-жылдардың жабдықтары тұр, оларды міндетті түрде алмастыру қажет, себебі тұтынушылардың азық-түлік өнімдері бойынша сұраныстары заманауи технологиялық жабдықтарда жасалуы қажет», - деді Р. Құрманов.

Вице-министрдің сөзінше, қайта өңдеу кәсіпорындарын жаңғырту айналымдық және негізгі қаражаттар бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау арқылы Қайта өңдеу картасының жобаларын қаржыландыруға тартуды көздейтін банктердің ресурстары есебінен жүргізілетін болады.

Барлығы жаңғыртуға 2021 жылға дейін 226,9 млрд теңге көлеміндегі несиелік қаражаттарды бағыттау көзделіп отыр. Ол үшін мемлекеттік бюджеттен сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға 24 млрд теңге бөлінетін болады. Айналымдық қаражат бойынша мөлшерлемелерді субсидиялау 4%-ды құрайды.

Дегенмен айта кетейік, сенат депутаты  Серік Біләлов ауыл шаруашылығына бөлінетін субсидияға қатысты «Аграрлық сектордағы өнім көбіне шикізат күйінде таратылуда. Өйткені дайын өнім бәсекелестікке төтеп бере алмайды. Біз негізінен шикізат сатамыз, есесіне өңделген тауарларды көбірек сатып алып жатырмыз. Яғни субсидиялау саласынан толыққанды нәтиже жоқ. Субсидиялау өнімділікті жоғарылатуға және өндірілетін өнімнің сапасына еш әсерете алмайды» деген еді.

“The Qazaq Times”