Шағын және орта бизнес Астананың жалпы табысының 65 пайызын құрайды. Бұл туралы Президент Нұрсұлтан Назарбаев Астана күніне арналған салтанатты іс-шара кезінде мәлімдеді.
Нұрсұлтан Назарбаев Астананың бүгінгі даму ырғағы бүкіл еліміздің жаңаруына серпін беретінін айтты.
– Біз экономикада, саясатта және мәдениетте ауқымды жаңғыруды іске асырып келеміз. Сол жұмыстың нәтижесі елімізді дамытуға арналған. Дамуымыздың басында әрдайым Астана тұрады. Біз мұнда түрлі мәселені, соның ішінде әлемнің әр түкпірінде бейбітшілік орнату мәселесін де шешіп келеміз. Біздің бейбіт, тату көршілік және инвестиция тарту жөніндегі саясатымыз әрбір Қазақстан азаматы үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ, Президент «ЭКСПО-2017» көрмесінің арқасында Қазақстан халықаралық қоғамдастық назарын өзіне аудартып отырғанын атап өтті.
"Қонақтарымыз Астанаға тамсана қарайды. Біз – ғасырлар тоғысында жаңа мегаполис салған бірден-бір мемлекетпіз. Бүгінде Астана жылына ел бюджетіне триллион теңге құйып келеді. Бұл орайда, барлық кірістің 65 пайызы шағын және орта бизнестен түсіп отыр. Біз Астананың қалыптасуының куәсі болдық", - деді Президент.