Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жұмыс сапарымен Мақтарал ауданында болып, бірқатар шаруа қожалықтар мен өндіріс ошақтарының жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ, жылына үш рет егін егіп, еліміздің солтүстік аймақтарын бау-бақша өнімдерімен қамтып отырған еңбекқор шаруалармен кездестіғ деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Мақтарал ауданының әкімі Ғ.Исмаиловтың сөзінше, биылғы жылы 131,4 мың гектарға егін егілген. Оның ішінде 94 мың гектарға мақта, 368,4 гектарына күнбағыс, 85 га картоп, 24 мың гектардан астам жерге бақша өнімдері, ал 2417,3 га көкөніс, 56 гектарға жүзім мен тағы басқа да өнімдер егілген. Мақтаралдық диқандар егілген 18,4 мың гектар қауыннан бүгінде 19 мың тоннадан астам бақша дақылын жинап, оның 70 пайызын шетелге экспорттаса, қалған 30 пайызын Қазақстан нарығына саудалаған.
Сондай-ақ, облыс әкімі ерте көктемнен егінін егіп, мол өнім жинап Қазақстан мен шетел нарығына шығарып жатқан Мақтарал ауылдық округіндегі жеке кәсіпкер А.Боевтың бау-бақшасымен танысты. Мұндағы баудың 8 гектарына алма мен алхоры, 1 гектарына анар, 20 гектар жеріне жүзім отырғызылған.
Биыл «Хамро ата» шаруа қожалығы шағын 18 қожалықты біріктіріп, кооперация құрып отыр. Осының негізінде еңбек өнімділігін арттырып мол табыс табуды көздеп отырған шаруалар мемлекеттен бөлінетін әртүрлі жеңілдіктер мен субсидияға және лизинг арқылы жаңа техникаға қол жеткізіп отырғандарын айтады.
Кооперативтің жалпы жер көлемі 339,4 гектар болса, оның 6 гектарына жылыжай, 274,4 гектар жеріне мақта, 15 гектарға қауын, 20 гектарға жоңышқа, 10 гектар жерге жүгері, 8 гектарға жеміс-жидек, 1 гектарға анар, 20 гектарға жүзім егілген.