Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (ҚазҰУ) инфрақұрылымды күтіп-ұстауға көлемі шамамен 11 млрд теңге қаражат болатын тендер жариялады. Алайда бұл ЖОО оқытушыларының бір бөлігі қарсылығын тудырды.

Informburo.kz редакциясына өздерін ҚазҰУ оқытушылары ретінде таныстырған топтан хат келіп түскен. Олар ректор Жансейіт Түймебаев пен «оның адамдарын» мемсатыпалу рәсімін бұзып, бағаны негізсіз өсірді деп айыптайды. Ғалымдар қомақты қаражатқа кешенді қызметтерді қамтитын тендер өткізу «бюджет қаржысын жасырын жымқырудың оңтайлы әдісі» деп есептейді.

Хаттың авторлары «Акционерлік қоғамдар туралы» заңның бұзылғанына назар аудартады.

«Сомасы 11 млрд болатын мемлекеттік сатып алу университет активтерінің баланстық құнынан 25%-ға көп, ал мұндай жағдайда келісім-мәмілелер жасасу туралы шешім тек университеттің директорлар кеңесі тарапынан ғана қабылдануы тиіс».

ҚазҰУ ғимараттарына қатысты лотта тапсырыс орындаушы үш жыл бойы лифт жұмысы, ғимараттардың тазалық, қар күреу-шығару, кеңсе жиһаздарын жөндеу сияқты т.б. қызмет түрлерін көрсетуі тиіс. Конкурстық тәсілмен өтетін мемлекеттік сатып алуға өтінім беру кезеңі 8-23 қазан аралығында жүргізілмек.

Бюджеті аса қомақты мемлекеттік сатып алу туралы хабарламада тек бір ғана лот жарияланған. Лот атауы – «Ғимараттарды/құрылыстарды/үй-жайларды және іргелес аумақтарды күтіп – ұстау жөніндегі қызметтер» деп көрсетілген. Ал қосымша сипаттамасында «әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» Коммерциялық емес акционерлік қоғамының ғимараттарына кешенді қызмет көрсету жөнінде» екені аталып, жалпы құны 10 млрд 974 млн 841 мың 673 (10 974 841 673) теңге деп белгіленген.

Сомасы аса қомақты тұратын мемсатыпалу хабарландыруының скрин-суреті. Фото: satypalu.gov.kz

Сомасы аса қомақты тұратын мемсатыпалу хабарландыруының скрин-суреті. Фото: satypalu.gov.kz

Бұл қаржы үш жылға есептелген: бірінші жылы  844 млн, екінші жылы 3,3 млрд және үшінші жылы 3,3 млрд теңге жұмсау жоспарланған.

Informburo.kz сайтының жазуынша, ЖОО баспасөз кызметі ақпарат құралының сұрауына қатысты университет қызметінің бейінді емес түрлерін аутсорсингке бере отырып, жылдық шығынды 20%-ға үнемдегенін хабарлаған.

«ҚазҰУ негізгі қызметі –  білікті мамандар даярлау және ғылыми зерттеулер жүргізу.  ЖОО-да 3 мыңға жуық профессор, оқытушы мен ғылыми қызметкер жұмыс істейді, 26 мың студент білім алады. Университет жарғыда көрсетілмеген өзіне тән емес функцияларды орындамауы тиіс», – деп жауап берген онлайн басылымға.

Университеттің баспасөз қызметі берген ақпаратқа қарағанда, жеңімпаз мекеме қалашықтағы 44 нысанға, оның ішінде 16 жатақхана мен 24 оқу және әкімшілік ғимараттарына, 78 гектар аумақты алып жатқан төрт жер учаскесіне, сондай-ақ электрмен жабдықтау желілеріне – 12 қосалқы станция мен 58 км кабельге, ұзындығы 15,7 км болатын сумен жабдықтау және жылыту жүйелеріне қызмет көрсетеді.

The Qazaq Times