Биыл «Шымкент» әлеуметтік – кәсіпкерлік корпорациясы еншілес ұйымдармен бірлесіп жалпы құны 70,82 млрд теңгені құрайтын 20 жобаны жүзеге асырғалы отыр. Нәтижесінде 2600-ге жуық адам жұмыспен қамтылатын болады. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
«Шымкент» ӘКК ҰК» басқарма төрағасы Айтмұхаммед Алдажаровтың айтуынша, аталған жобалар «Оңтүстік» индустриалды аймақ және «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жүргізіледі.
«Биылғы жылы қол алынатын 20 жобаның 12-ін «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жүзеге асырады. Оның құны 23,463,3 млн теңгені құрап отыр. Ал, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы жалпы құны 3,5 млрд теңгелік 5 жобаны іске асыруды жоспарлауда. Бұдан бөлек, «Оңтүстік» индустриалды аймақ 40 млрд теңгені құрайтын 5 жобаны іске қосу мақсатын көздеп отыр», – деді Айтмұхаммед Тұрарбекұлы.
Жалпы 2017 жылы «Шымкент» ӘКК трансформациялау кезеңінен өткен. Нәтижесінде жаңа жұмыс әдісі әзірленіп, инвестициялық жобаларды тиімді басқаруға және іске асыруға бағытталған басқару жүйесі енгізілген. Осының арқасында бірқатар ауқымды жобаларды іске асыру ісі жеңілдей түскен. Мәселен, Қарабұлақ ауылында сүт өндіру және қайта өңдеу кластері құрылды. Сондай-ақ, «Астана» тұрғын үй кешенін салу бойынша отандық инвесторлар 4 блок тұрғын үй кешеніне 1 млрд 507 млн теңге қаржы құйған.