Оңтүстік Қазақстан облысында сұйытылған газ бағасы арзандады. Сондай-ақ өңірге бөлінетін сұйытылған мұнай газының көлемі 11 500 тоннаға дейін ұлғайтылды, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Бұған Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің өкілетті органмен бірлесіп жүргізген жұмыстары нәтижесінде қол жетізілді. Сонымен облыстағы автогазқұю бекеттеріндегі баға 2017 жылдың басымен салыстырғанда литрі 59-60 теңгені құрап, 7 теңгеге дейін төмендетілді.

Айта кетейік,өткен жылдың салыстырмалы кезеңінде Энергетика министрлігі тарапынан Оңтүстік Қазақстан облысына 4000 тонна көлемінде сұйытылған мұнай газы бөлінген. Бұл бөлінген көлем облыстың сұранысын толық қамтамасыз етпей сұйытылған газ бағасының едәуір жоғарғы деңгейде қалыптасуына алып келген болатын.

Еске салайық,  ҚР 2012 жылғы 9 қаңтардағы «Газ және газбен жабдықтау туралы» заңымен республикада газ және газбен жабдықтау саласында мемлекеттік реттеу енгізілген. Аталған заңға сәйкес, Қазақстан Республикасының ішкі нарығының сұйытылған мұнай газына қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында ҚР Энергетика министрлігі Үкімет белгілеген тәртіппен, ішкі нарыққа жеңілдетілген бағадағы сұйытылған мұнай газын беру жоспарын бекітті.

“The Qazaq Times”