Астананың Есіл, Ақбұлақ және Сарыбұлақ өзендерінің арнасын тазалаудан күн сайын балдыр, шөп-шалаң, тұрмыстық қалдықтар секілді қоқыстар сыртқа көптеп шығарылып жатыр. Бұл туралы «Астана-Есіл» МКҚК маманы Мұхит Бақбергенұлы мәлімдеді, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.
Үш өзеннің арнасын қалдықтардан тазарту бойынша атқарылып жатқан шаралардың нәтижесі бойынша, соңғы апта ішінде жұмысшылар 10 тонна қоқыс жинаған.
«Үш өзеннің ішінде «Сарыбұлақ» қоқысқа толып, қатты ластанған. Есіл және Ақбұлақ, сондай-ақ Сарыбұлақтың жағасы күн сайын тазартылады. Бірақ күннің күрт ысуы балдырлардың көптеп өсуіне әсерін тигізуде», - дейді М.Бақбергенұлы.
Жазғы мерзімде тұрмыстық қалдықтар мен қоқысты жинауға 30 жұмысшы тартылады. Маманның пікірі бойынша, қала өзендерінің қатты ластануына адамдардың да қатысы бар.
«Үш өзеннің арнасынан қоқыс пен қалдық таңның атысы мен кештің батысына дейін жиналады. Есіл өзенінің жағасы күн сайын тазартылып, сол аумақта қоқыс тастайтын жәшіктер мен бейнебақылаудың бар болғанына қарамастан, қалдық көп жиналып, өзен арнасы қатты ластанады. Сарыбұлақ өзенінің арнасынан күн сайын бос бөтелке құтылары мен темекінің қалдықтары секілді ондаған пакет қоқысты сыртқа шығарамыз. Бұл тұрғыда адамдардың табиғатқа, өз қалаларына жанашырлықпен қарамайынша, жұмысшылардың еңбегін бағаламайынша, нәтиже осы күйінде қала береді. Сол себепті тұрғындардың тазалық мәселесіне салғырт қарамауын өтінеміз», -деді М.Бақбергенұлы.
Қала тазалығына салғырт қарайтын тұрғындар тек Астанада ған емес. Алматы қаласының да Азия елдеріндегі ең лас қала екенін естен шығармау керек. Онсызда экологиясы нашар қалалардың одан ары ластануына адамдар жол бермесе екен дейміз.