Климаттың жаһандық өзгеру мәселесін одан ары кейінге қалдыруға болмайды, себебі 2030 жылға қарай ғаламшардың экожүйелері үшін қалпына келмейтін залал туындауы мүмкін. БҰҰ-дағы климаттың өзгеруі жөніндегі сарапшылардың үкіметаралық тобы осындай мәлімдеме жасады.

2015 жылы қабылданған париждік келісімде климатты 1,5 Цельсий градустық орташа температура деңгейінде сақтау туралы жазылған. Бірақ климат қазір тек 3-5 градуста ғана бірқалыпты. Дүйсенбі күні жарияланған жаңа баяндамада жаһандық жылынудан құтылу үшін 2030 жылға қарай көмірқышқыл газдың сыртқа жайылуын 45 пайызға азайтып, 2050 жылы мүлдем тоқтату керектігі айтылды. Бұлай болмаған жағдайда, жаһандық жылыну, қуаңшылық пен өрт, мұздықтардың еруі мен су тасқыны сияқты алапат табиғи апаттардан құтылу екіталай.

Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым басшысы Петтери Паластың айтуынша,
әлемнің барлық аспектілерінде жедел және ауқымды өзгерістер қажет. Ғылыми консенсус бұл шешімге еш күмән келтірген жоқ: жаһандық климаттың өзгеруі – шындық және ол бірінші кезекте адамның іс-әрекеттерінен, газдардың ауаға көп мөлшерде таралуынан туындаған.

Фото: www.bbc.com

Жаһандық жылыну: жағдай қалай болмақ?

«Ғаламшардың қызуы» ХІХ ғасырдың екінші жартысында өнеркәсіптің белсенді дамуынан басталды. Қазіргі уақытта адамдардың еңбегі нәтижесінде Жер орташа есеппен 1 градусқа қызған. Жылыну салдарынан әлемдік мұхит деңгейі жоғарылайды. 2050 жылға қарай жаңартылатын энергия көздері ғаламшардың электрге деген қажеттілігінің 85% - ын қамтамасыз етуі тиіс. Адамзат әлі де температураның жоғарылауын рұқсат етілген деңгейде ұстап тұруға мүмкіндігі бар. Ол үшін көмірді, мұнай мен газды жағудан толық бас тарту керек дейді мамандар. Бұдан басқа, жерді пайдалану, ауыл шаруашылығы, қала құрылысы және жалпы өнеркәсіп қағидаттарын түбегейлі қайта қарау талап етіледі. BBC-дің ғылыми шолушысы Дэвид Шукман: «Бұл барлығымызға қиынға соғады. Бір жағынан, жаһандық экономика, өнеркәсіптің және күнделікті өмірдің барлық негізгі салалары көмірсутектерге тәуелді. Бірақ екінші жағынан, жел электр генераторлары мен күн панельдерінің құны қазірдің өзінде қатты құлдырап кетті, салдарынан көптеген мемлекеттер экологиялық проблемалармен күресе алмай келеді», – дейді.

Индустрияға дейінгі деңгеймен салыстырғанда орташа температураның 2 градусқа көтерілу салдарын жеңуге болады. Бірақ, жылыну көлемін белгіленген шеңберде сақтап, энергетикалық жүйені толығымен реформалау үшін өте көп ақша қажет. Бұған әлемдік ЖІӨ-нің шамамен 2,5% - ы (яғни, планетада өндірілген барлық тауарлар мен қызметтердің құны) немесе жыл сайын 2,4 трлн доллар кетеді. Салыстыратын болсақ, бұл есеп Қазақстанның ЖІӨ-нен шамамен бес еседей, ал Ресейдің жалпы ішкі өнімінен 2 есе көп.

Қаржы жеткілікті болған жағдайда да, бірінші кезекте атмосферадан артық газдардан тазартудың қосымша тәсілдерін ойлап табуға тура келеді. Бұдан басқа, әрбір тұрғынның өмірінде түбегейлі өзгерістер орын алуы тиіс. Мәселен, ет, май, ірімшік және сүт, сондай-ақ басқа да жануар өнімдерін едәуір аз тұтынуға, электр автокөліктеріне толығымен көшуге, электросамолеттер пайда болғанша «ауа саяхаттарынан» бас тартуға тура келеді. Ал қазіргі уақытта экологиялық жағдайдан экономика маңызды орында тұрғандықтан, ғаламдық жылынудың алдын алу әзірше уақыт еншісінде болмақ.

"The Qazaq Times"