Биыл Оңтүстік Қазақстанда 57 елді мекен көгілдір отынмен қамтылады. Нәтижесінде облыстағы газдандырылған елді мекендер саны 357-ге жетеді деп күтілуде. Осы  мақсатқа облыстық бюджеттен 14,1 млрд теңге жұмсалмақ. Бұл туралы Қызылжар газ тарату стансасының жұмысымен танысқан Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мәлім етті, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі. 

«Соңғы жылдары облыста 7 автоматты газ тарату станцияларының құрылысы  жүргізілді. Құрылыстың жалпы құны - 22,2 млрд теңге. Оның үшеуі жуырда пайдалануға беріледі. Олар Кентау, Ордабасы, Арыс аудандарындағы газ тарату бекеттері.  Ауылдардағы ішкі құрылыс жұмыстары аяқталғаннан соң іске қосылуға дайын тұрған станция Ордабасы, Отырар аудандарын толығымен газбен қамтамасыз ету үшін істейді. Осы бекеттерді іске қоссақ, облыстағы солтүстік аудандарды газбен қамту мүмкіндігі ашылады»,-деді облыс әкімі.

Былтыр облыста 25 елді мекенді газға қосу жұмыстары жүргізілген. Бұл мақсатқа 13,7 млрдтенге бағытталған бол.  Биыл 70 елді мекенге  газ құбырлары тартылып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, облыста 844  елді мекеннің 300-і табиғи газбен қамтамасыз етілген.

Облыстың елді мекендерін 2017-2020 жылдар аралығында газдандырудың кешенді іс-шара жоспары әзірленді.  Жоспарға сәйкес 2020 жылға қосымша 383  елді мекенді газдандыру жоспарланып отыр.  2021 жылға табиғи газбен қамтылған елді мекендер санын 683-ке немесе 2 млн 720 мың  тұрғынға жеткізу жоспарлануда.

 “The Qazaq Times”