Дүкен маркетингі – өсудің көзі мен қозғаушысы. Ол тауарларды көп әрі жиі сатып алатын сапалы сатып алушыларды әрі қомақты қаражат пен түсімді қамтамасыз етеді. Қазіргі заманда экономикалық жағдайға сай маркетингті кімде кім жетік меңгерсе сол бәрінен де көп сатып, табыс табады. Жүргізілетін маркетингтің сапасы неғұрлым жоғары болса, соғұрлым сатып алушылар саны көбейіп, сәйкесінше сатылым мен табыс жоғары болады.

Дүкен маркетингі ерекше, әрі маркетингтің басқа түрлерінен ерекшеленеді. Қазіргі таңда, сатылым көрсеткіштері экономикадағы негізгі көрсеткіштердің бірі болып табылады.Осы көрсеткіштің жоғары болуын сатумен айналысатын компаниялар арасында, маркетинг арқасында жүзеге асыруға болады, сондықтан ірі компаниялар оны асқан құштарлықпен пайдаланады. Тіпті, сол ірі компаниялардың сондай дәрежеге жетуі де маркетинг негіздерін дұрыс пайдаланудан болды десе болады. Олар негізінен сатып алушылардың тұрақты түрде көп болуына қызығушылық танытады.

Пако Андерхилді «сатудың Шерлок Холмсі» деп жәй атаған жоқ. «Біз неге сатып аламыз?» деген еңбегін жазу алдында ол дүкендерде өте көп уақыт өткізіп, сатып алушылардың мінез құлқын, қылықтарын зерттеген.

Егер де сіздің бизнесіңізде маркетинг жоқ болса, көп ұзамай бәсекелестеріңіз сіздің түбіңізге жетеді. Оған жол бермеу үшін:

  • Маркетингті оқып, үйреніп немесе білетін мамандар көмегіне жүгінуіңіз қажет. Басқалай жағдайда сіз клиенттердің үздіксіз ағымын қамтамасыз ете алмассыз. Маркетинг сіздің бизнесіңіздің тыныс алуы үшін ауадай қажет.
  • Дүкен мен тауарларды жайғастырыңыз. Сіз бен басқа сатушының тауары немесе қызмет түрін тұтынушы қалай ажыратпақ. Нарықта тауар да қызмет түрі де өте көп. Сізден алмаса басқадан сатып алар. Жайғастырымы жоқ маркетинг – тиімсіз. Сондықтан да, сіз үшін бәсекелестеріңізден ерекшелену өте маңызды. Оған қоса, сатып алушылар осы ерекшеліктер мен айырмашылықтарды тек біліп қана қоймай, сол айырмашылық арқасында көретін пайданы білсе керемет болар еді.
  • Сатып алушымен байланыстыратын нүктелерді іздеңіз. Жоғары сапада қызмет көрсетіп, сатып алушының сіздің дүкеніңізге деген сезіміне әсер етіп жағымды ой қалыптастыруыңыз керек.Сатып алушыларға жағымды, оң сезім тудыру – озық кәсіпкердің негізгі тапсырмасы.
  • Алғашқы келген сатып алушыларды тұрақты сатып алушыға айналдыруға тырысыңыз. Себебі, кез-келген табысты бизнес негізі – тұрақты сатып алушылар.
  • Тауарларды орналастыру кезінде олар сатып алушылардың жолына бөгет болмауы тиіс. Сатып алушылар тауарды асықпай қарап, оны сатып алатыны туралы шешімді асығыссыз қабылдау керек.
  • Дүкенді аралап жүрген келушінің сатып алушыға айналуындағы негізгі фактор – уақыт. Дүкенге келуші неғұрлым көп уақыт өткізсе, соғұрлым бірдеңе сатып алу мүмкіндігі жоғары болады.
  • Ерлер дүкенде көбіне тез жүріп аралап өтеді, әрі тек керекті заттарын сатып алады. Содан болмақ, дүкенге ер кісімен келген әйел өзі жалғыз немесе құрбысымен келген әйелге қарағанда азырақ зат сатып алады. Сондықтан ерлерге ыңғайлы күту аймағын ойластырса сатылым деңгейі де көтерілер еді.

Кейбір адамдар дүкенге бір-екі зат аламыз деп арбаны алмай кіреді. Алайда ішінде жүргенде көздеріне қосымша заттар ілінсе қолына симағандықтан алмай шығады. Қол кәрзеңкелерін дүкеннің ішіне арнайы жерлерге қойып шықса, ол да сатылымды көтереді.

Ендеше осындай қарапайым қағыидаларды сақтаған жағдайда дүкен маркетингінде міндетті түрде табыстың болатыны белгілі. Ол үшін әруақытта маркетингтен хабардар болып отырған жөн.

Ботажан Қабылбекова

"The Qazaq Times"