Оңтүстікте 2017 жылы 57 елді мекен көгілдір отынмен қамтылады. Осы мақсатқа облыстық бюджеттен 14,1 млрд теңге жұмсалатын болады. Бұл туралы «Қазақстан-Шымкент» телеарнасында тікелей эфирде тұрғындардың сұрағына жауап берген Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мәлімдеді деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жалпы, облыста 844 елді мекеннің 300-і табиғи газбен қамтамасыз етілген. Яғни бұл өңірдің 1 755 307 тұрғыны көгілдір отынға қол жеткізізген деген сөз.
«Облыстың елді мекендерін 2017-2020 жылдар аралығында газдандырудың кешенді іс-шара жоспары әзірленді. Жоспарға сәйкес 2020 жылға қосымша 383 елді мекенді газдандыру жоспарланып отыр. 2021 жылға табиғи газбен қамтылған елді мекендер санын 683-ке немесе 2 млн. 720 мың тұрғынға жеткізу межеленіп отыр»,- деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, әкім тұрғындардың ауыз су мәселесіне қатысты сұрақтарына да жауап берді. Оның айтуынша, өлкеміздегі елді мекендер 73 пайыз ауыз сумен қамтылған. Бұл көрсеткіш бойынша өңір республикада 4-ші орында. Арнайы қабылданған бағдарламаға сай алдағы жылдары 844 елді мекеннің 701-і, яғни 83 пайызы ауыз сумен қамтылады.
Облыс әкімінің мәліметінше, Оңтүстік Қазақстанда жыл соңына дейін 569 нысан немесе 1452 шақырым жол мен көше, 3 жаяу жүргіншілер өткелдері және 19 көпір құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылатын болады. Ол үшін бюджеттен 30 млрд теңгеге жуық қаржы қаралған.