Тәуелсіздігімізге ширек ғасыр толғанымен, халық арасында баспана мәселесі әлі күнге дейін күрмеуін шеше алмай келеді. Көбіне ЖОО бітірген жас мамандар мен жас отбасылар қалада тұрғылықты жері болмағандықтан пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Ал Алматы, Астана қалаларында жұмыс орындары көп болғанымен, жұмыс істейтін жастардың тұратын баспана табуы қиын болып отыр.
Пәтер ақысы және жалақы
Соңғы мәліметтерге сәйкес Алматы қаласынан бір бөлмелі пәтерді жалға алу үшін 75-160 мың шамасында (пәтердің орналасқан ауданына байланысты) ақша кетеді екен, көбіне коммуналдық төлемді қоспағанда. Ал Астана қаласында ЭКСПО-2017 көрмесінің қарсаңында пәтерлердің бағасы тым шарықтап кетті. Астана әкімдігі осы айда қаладағы жалға берілетін пәтерлердің бағасын тұрақты ұстау үшін арнайы жобаларды қолға алған болатын. Бірақ әкімдік қаншалықты жіті бақылағанымен, пәтерлердің бағасы осы күннің өзінде бір бөлмеге 100 мыңның төңірегінде екені белгілі.
Енді Қазақстандағы орташа жалақы мен күн-көріс деңгейін есептей отырып, пәтерге төлейтін ақшаны шығарып көрейік. Соңғы статистикалық мәліметтерге сәйкес, Қазақстандағы орташа жалақы мөлшері 140,3 мың теңге екен. Ал бір айға азық-түлік пен басқа шығындарды есептей келе, күн-көріс бағасы 23 мыңның шамасында. Сонымен, орташа жалақы 140 мыңнан 23 мыңды алып тастасақ, 117 мың қалады, ал 100 мыңы коммуналды төлемдерімен пәтерге жұмсалса, орта есеппен 15 мың теңгедей ғана ақша артылып отырады екен. Бірақ бұл жалпы статистикалық мәліметтер. Шындығында, көбіне жастардың арасында, ақша бір жалақыдан екіншісіне жетпей жатады. Бұл халықтың әлеуметтік жағдайының төмендігінің көрінісі деуге бола ма? Ойланарлық сұрақ...
Баспанаға байланысты несиелерді қай банкте рәсімдеген тиімді?
Жалпы елімізде баспанаға байланысты несиенің көбі және депозиттер «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-да рәсімделеді екен. Аталмыш банк 2016 жылы 148 млрд теңгеге несие берген, бұл елдегі барлық банктің берген несиесінің 2/3 құрайды.
«2017 жылдың алғашқы 6 айында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жалдамалы және несиелік баспана бағытында 100 шаршы метр баспана беру жоспарланып отыр. Сонымен бірге несиелік баспана құрылысын 5,7 млрд теңгеге қаржыландыру үшін жергілікті атқарушы органдардың құнды қағаздары сатып алынады. Субсидияланатын ипотекалық тұрғын үй несиесі 10 млрд теңге болады, құрылыс салушылар 15,7 млрд теңгеге субсидияланады. Тұрғын үй құрылысына қолдау көрсетуде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» 75 млрд 168 млн теңгеге несие береді, сондай-ақ тұрғын үй құрылыс жинақтарын жасауға 110 мың жаңа келісімшарт жасалған», – делінген «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарамасының төрағасы Ерболат Досаевтың abctv.kz сайтында жарияланған баяндамасында.
Сонымен қатар, 2016 жылы берілген 10 ипотекалық қарыздың 9-ын «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ қаржыландырған. Былтырғы жылы қорытындысы жөнінен елдегі ипотекалық несие беру нарығының әлсірегенін көріп отырмыз. Шынайы жалақының төмендеуі – ел азаматтарының жаңа қарыз алуға деген сұранысын төмендетті. Қарызды төлеу – берілетін қарыздан басым болып отыр. Жаңа ипотекалық несие берудің 90%-ы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ үлесіне тиесілі және банктің ипотекалық несие беру нарығындағы рөлі 2017 жылы одан әрі нығая түседі.
Несиені неше жыл төлеу керек болады?
Ал «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы рәсімделетін депозит бойынша, бір бөлмелі пәтердің бағасы Астана мен Алматы қалаларында 6 миллионнан, ал екі бөлмелі пәтер 8 миллионнан басталады. Ал Қазақстанның басқа өңірлерінде, сәйкесінше, 6 және 8 миллион теңгеден. Енді жоғарыда айтылған есепке сәйкес, артылған 15 мыңды (алғашқы жарнасыз) айына бір рет салып отырғанда тек 33 жылдан кейін ғана пәтердің толық иесі атануға болады екен. Ал банктің несиесі тек 6 жылдан бастап 25 жылға дейін ғана беріледі. Осы қарапайым есеппен жастардың өз пәтерін сатып алуы және баспанамен қамтылуы үлкен мәселе болып отырғаны белгілі.
Қандай жеңілдіктер мен арнайы бағдарламалар қарастырылған?
Сонымен қоса, осы жылы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» жастарға және жұбайлар 29 жасқа толмаған жағдайда берілетін арнайы жеңілдіктер мен бағдарламалар да алынып тасталған. Банк қызметкерлерінің айтуынша, қазіргі таңда осы секілді бағдарламалар қарастырылмай отыр.
Жылжымайтын мүлік нарығында қандай өзгерістер бар?
Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, 2016 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында елімізде 190 209 тұрғын үй сатып алу-сату (2015 жылы бұл көрсеткіш 166 045 болған) келісімі жасалған. Былтыр ең көп келісім желтоқсан айында (18627) жасалса, ең аз келісім қаңтар айында (10259) жасалған. Мамыр, маусым, қыркүйек және қазан айларында келісім саны біршама түскен. 2016 жылы сатып алу-сату келісімінің ең көп жасалған жері – Астана (26,5 мың) мен Алматы (28,5) қаласы, елімізде жасалған келісімдердің үштен бірі осы қалаларда. 2015 жылмен салыстырғанда Астанадағы тұрғын үй нарығының өсу белсенділігі Алматыға қарағанда төмен. Ал Алматыда керісінше нарық белсенділігі артқан. Былтыр Астанада жасалған келісімнің басым бөлігі желтоқсан айында жасалған, яғни ол қараша айымен салыстырғанда 23,4%-ға көп. Алматыда да желтоқсан айында келісім көп жасалып, қараша айымен салыстырғанда 16,6%-ға көп болған.
Пәтер иелерінің жалға берілетін мүлікті заңдастырғаны кімге тиімді?
Тек Астана қаласы бойынша мемлекеттік кіріс департаменінің (МКД) мәліметіне сүйенсек, қаланың тұрғын үй қорында 238 мың пәтер бар. Ресми емес мәліметтерге жүгінсек, оның шамамен 10%-ын жеке кәсіпкерлер (ЖК) және жеке тұлғалар жалға береді. 2016 жылдың соңына қарай 11,8 мың кәсіпкер және 480 жеке тұлға баспананы жалға беріп заңды табыс тауып, түскен табыстан салық төлеп отырған. 2017 жылдың басынан бастап тағы 253 кәсіпкер мен 28 жеке тұлға тіркелген. Бұл жүйе заңдастырылғалы бері де жалға берілетін пәтерлердің бағасы да үкіметке төленетін салық есебінен қымбаттап отыр.
Алматы қаласы бойынша мамыр айындағы жылжымайтын мүлік бағасы:
Мамыр айындағы көрсеткіш бойынша жалға берілетін жылжымайтын мүліктің бағасы:
Экономист Расул Рысмамбеттің жылжымайтын мүлік нарығындағы өзгерістер мен болжамдарына тоқталып өтсек:
"1-2 жылдың ішінде пәтер бағалары төмендеуі мүмкін. Оған себеп, экономикалық жағдайдың нашарлауы. Ал әлеуметтік үйлер салынып жатыр. Содан ұсыныс көбейіп, сұраныс бұрынғы деңгейде қалады деп күтілуде. Ал жастарға қарастырылған жеңілдіктер мен бағдарламаларға келетін болсақ, оның аса қажетті де жоқ деп ойлаймын. Тіпті жас мамандарға үйді де сатып алу аса керек емес. Өйткені, маман бір жерде тұрақтап қалса, ол тек бір басшының құзырында қалып, дамымай қалады. Одан да жиі жер ауыстырып, мансап бойынша да дамыған жөн. Ал доллардың бағамына келетін болсақ, ол пәтерлердің, үйлердің бағасына тікелей әсер етуі ғажап емес. Құрылыс жұмыстары жүріп жатқанда керекті материалдар шикізат, арматура, кабель секілді басқа компоненттер долларға сатылып алынады. Соған сәйкес олардың теңге құны өсіп отырады".
Қорытындылай келе, жақын арада жылжымайтын мүлік нарығында айтарлықтай өзгерістер байқалмайтын секілді. Бірақ жалға берілетін және сатылатын пәтерлердің бағасы тұрғындардың әлеуметтік жағдайына сәйкес келмейтіндігін тағы бір мәрте дәлелдеп отырмыз. Бұл мәселені шешу үшін экономикалық реформалар әзірлеу керек немесе қымбатшылықтан құтылудың басқа да жолдарын қарастыру қажет секілді.