Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы, қазіргі "Астана" Халықаралық қаржы орталығының басшысы Қайрат Келімбетов Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының директорлар кеңесінің құрамына кірді. Бұл туралы abctv.kz сайты хабарлап отыр.

"БЖЗҚ сайтында күтпеген жерден директорлар кеңесінің жаңа құрамының тізімі шықты. Кеңес құрамының өзгергені туралы бұған дейін хабарланбаған. Құрамның не себептен өзгергені де белгісіз", - делінген сайт хабарламасында.

Сондай-ақ, Келімбетовтен бөлек зейнетақы қоры директорлар кеңесінің жаңартылған тізіміне Ұлттық банк төрағасының орынбасары Дина Ғалиева, Денсаулық министрлігінің әлеуметтік сақтандыру және әлеуметтік қамсыздандыру департаментінің директоры Майраш Козжанова, тәуелсіз директор  Бисенғали Тәджияқов, тәуелсіз директор Қадыржан Дамитов, Global Sovereign Advisors компаниясының басқарушы серіктесі  Борис Борозан және "БЖЗҚ" АҚ басқарма төрағасы Нұрбүбі Наурызбаева кірген.

Сайттың ақпаратына сүйенсек, қордың директорлар кеңесінен "АТФБанк" АҚ басқарма төрағасы Энтони Эспина шыққан. Бұдан бұрын Қайрат Келімбетов БЖЗҚ активтерін басқару кеңесінің құрамында болған. Әзірге құрамның не үшін өзгергені және Келімбетов "Астана" ХҚО басшысы лауазымымен қор құрамында бола ма ол жағы белгісіз.

Айта кетейік, Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Әзербайжан халықаралық банкіне инвестицияланған 71,3 млд теңгеге қатысты жағдайды түсіндіру кезінде  "бұл қаржыны проблемалы банкке Ұлттық банктің бұрынғы қызметкерлері инвестициялаған" деген еді.

"2014 жылдың қазан айындағы шешім бойынша БЖЗҚ зейнетақы активтеріне Әзербайжан халықаралық банкінің ұзақ мерзімді құнды қағаздары 250 млн долларға сатып алынған. Құнды қағаздардың айналымда жүру мерзімі 8,25 жылдық пайызбен 10 жылды құрайды. Қағаздар жабық түрде арнайы офшорлы компания арқылы орналасытырлған, зейнетақы қаржысын жалғыз инвестициялаушы Ұлттық банк. Облигацияларды сатып алу туралы шешімді БЖЗҚ қызметкерлері емес, сол кезде Ұлттық банкте жұмыс істегендер қабылдаған", - деп пікір білдірген болатын Ақышев.

“The Qazaq Times”