Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық портфель жөніндегі есебінде қор активтерінің 71,3 млрд теңгесі Әзербайжанның халықаралық банкінің облигациялары үшін салынғаны айтылған. Ал 12 мамыр күнгі Bloomberg агенттігінің мәліметінше, Әзербайжанның халықаралық банкі елдегі валюталық дағдарыс пен валютаның жетіспеушілігіне байланысты сыртқы қарыздарын төлеуді тоқтатқан және кредит берушілермен келіссөз жүргізуді бастайды. Яғни олар өздерін банкрот деп жариялап отыр.
Осыған қатысты экономист Рақым Ошақбаев өзінің фейсбук парақшасында зейнетақы активтерінің сақталуна қатысты алаңдаушылық білдіріп отырғанын жазды.
«Зейнетақы активтерінің сақталуына айтарлықтай қауіп төнуі мүмкін. Тәуекелдері жоғары активтер үшін (Азербайжанның халықаралық банкінің Moody’s агенттігі ұсынған кредиттік рейтингі В ) халықтың зейнетақы активтерін орналастыру шешімін кім қабылдады деген сұрақ туындайды. Зейнетақы активтерін тиімсіз басқару мәселесі қоғамдық пікірталасқа айналатыны анық», — деп жазды ол өз парақшасында.
Интерфакс-Әзербайжан агенттігінің мәліметінше, АХБ банкрот болғаны туралы өтінішті Нью-Йорк сотына жіберген. Банк мұндай өтінішті міндетті қайта құрылымдау процестерін орындау мақсатында және алдағы уақытта АХБ активтеріне қатысты кредит берушілер тарапынан болатын шағым талаптарға байланысты жіберіп отыр.
«Бұл өтініш сот тарапынан қамтамасыз етілген. Мұндай шешім біздің қайта құралымдау процесінің сәтті аяқталуы үшін жасалған дұрыс қадам екенін көрсетеді», - деп мәлімдеді АХБ басқарма төрағасы Халид Ахадов.
Яғни аталған банкке қарыз бергендер сыртқы қарыз міндеттерін өз еркімен қайта құрылымдау кезінде банк активтеріне қатысты ешбір талап қоя алмайды.