Қазақстанда төлем қабілеттілігі төмен жеке тұлғалардың қарызын реттеп беретін заң жобасы дайындалып жатыр. 2017 жылдың 2 маусымында ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлемге қабілеттілігін қалпына келтіру туралы» және «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлемге қабілеттілігін қалпына келтіру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобалары бойынша баспасөз конференциясын өткізді. 

Заң жобасын түсіндіруге келгендердің сөзінше, бұл Қазақстан Республикасы азаматтарының төлемге қабілетсіздігін реттеудегі өзекті мәселелерді тиімді шешуге мүмкіндік береді.

Заң жобасы жеке тұлға – Қазақстан Республикасының азаматтарына қолданылады. Заңды тұлғаны құрамайтын жеке тұлға – дара кәсіпкерлердің төлемге қабілетсіздігі мәселелері «Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасы Заңымен реттелген.

«Қаржы минстрлігі ҚР жеке тұлғаларының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру туралы заң жобасын әзірлеп жатыр. Бұл заң жобасы кредиторлармен есептесе алмай, қиын жағдайға тап болған жеке тұлғаларды қолдауға бағытталған. Олар жеке қарызы, банктік қарызы, салық қарызы барлар және үшінші бір тарапқа қарыз болып қалғандар болуы мүмкін", - дейді Мемлекеттік кірістер комитеті жанындағы берешектермен жұмыс басқармасының басшысы Айгүл Уалиева.

Оның сөзінше, жеке тұлғалар бір уақытта барлық кредиторлармен есеп жүргізуге мәжбүр болмас үшін заң аясында екі нұсқа ұсынылады. Оның бірі - төлемге қабілеттілікті соттың араласуынсыз қалпына келтіру, екіншісі сот процедурасымен реттеу.

«Соттың араласуынсыз болатын процедура борышкер мен кредитор арасында төлем қабілеттілігін қалпына келтіретін қандайда бір жоспар құруды ұсынады. Жоспар 5 жылға құрылуы мүмкін. Яғни борышкер өзінің жағдайын ескере отырып, табысына байланысты  қарызды қалай жабатыны туралы шарттарды ұсынады. Ал кредиторлар борышкердің өздерімен есептесуге дайын екенін түсінсе, қарыздың өсімпұлын, айыппұл санкцияларын алып тастау шараларын немесе сыйақы мөлшерін қарауы мүмкін", - дейді спикер.

Айгүл Уалиеваның айтуынша, егер борышкер жоспарға сәйкес, кредитормен толық есептессе төлем қабілеттілігін қалпына келтіру процесі сәтті аяқталды деп есептеледі. Ал егер қарыз алуышының табысы кредитормен есептесуге жетпесе және оны кредиторларға ескертсе, мұндай жағдайда өзінің мүлкі арқылы қарызды жабу үшін сотқа жүгінеді.

Айта кетейік, «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлемге қабілеттілігін қалпына келтіру туралы» заң жобасын талқылау барысында Ұлттық банктегі тұтынушылардың қаржылық қызметтері құқығын қорғау басқармасы бастығының орынбасары Иман Әл-Кейси мәліметінше, қазақстандықтар екінші деңгейлі банктерге 3,7 трлн теңге қарыз. Оның ішінде төлем мерзімі 90 күннен асып кеткен 464521 банктік қарыз келісімшарты бар. Олардың борыштық қалдығы 442,7 млрд теңгені құрайды.

 “The Qazaq Times”