2017 жылы Қашаған кен орнынан өндірілетін мұнай көлемін 5 млн тоннаға, ал газ өндірісін 3,1 кубметрге жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев халыққа есеп беру кездесуінде мәлімдеді.
«2016 жылдың қазан айында "Қашаған" жобасы іске қосылды. Екі айдың ішінде 1 млн тоннаға жуық мұнай өндірілді. Нәтижесінде 75,5 млн тонна өндіріс жоспарлаған едік, 78 млн тоннаны құрады. Енді осы жылы 5 млн тонна мұнай мен 3,1 кубметр газ өндіру жоспарланып отыр. Сонда осы жылы 81 млн тонна шамасында болады», — деді Қанат Бозымбаев.
Оның сөзінше, қара алтын өндірісін Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған кен орындары қамтамасыз ететін болады. Сондай-ақ, орта және шағын өндіріс орындарындағы өндірісті 36 млн тоннадан (2016 жыл) 33,2 млн тоннаға дейін (2020 жыл) төмендеуі мүмкін.
Айта кетейік, Қазақстан 25 мамырда Венада өткен кездесуден соң ОПЕК пен оған мүше емес елдердің мұнай көлемін қысқарту мерзімін ұзарту туралы шешімін қолдайтынын мәлімдеді. Бұл бағаның қалыпты деңгейін сақтау үшін қажет, деген еді министрліктен. Бұдан бұрын хабарланғандай, 25 мамыр күні картель Венада өткен кездесу кезінде әлемдегі шикізат өндірісінің деңгейін төмендетуге келіскен.
Десек те, Қазақстанның Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Қазақстан мұнай көлемін қысқартуға қатысты ОПЕК-пен болған келісім мерзімін одан әрі ұзартуға дайын еместігін мәлімдеген болатын.