Ұлттық банк екінші деңгейлі банктер арқылы 10,20,30 грамдық тазартылған алтын құймаларын сатылымға шығарады. Бұл туралы баспасөз конференциясында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев мәлімдеді.
"Алтын құймалары - бұл қымбат және сынамасы 9999-ға тең тазартылған алтын. Болжалды түрде айтайын, 31 мамыр күнгі әлемдік фиксингте10 грамдық алтын құймасының құны шын мәнінде 127 мың теңге, 20 грамы 254 мың теңге, 50 грамдық алтын құймасы 635 мың теңге, ал 100 грамы 1,27 млн теңге болды", - деді Данияр Ақышев.
Негізі алтын унция бойынша өлшенгенмен, қазақстандықтар оны граммен өлшеп үйренген. Енді Ұлттық банк әлемдік нарықтағы алтынның құнын есепке ала отырып, күнделікті құймалардың бағасын жариялап отырады. Алтынды сату, сатып алу бағасы валюта курсына байланысты есептеледі.
"Сіз валютаны сатып алғанда артық төлейсіз, ал сатқанда аз беріледі. Банктер ешбір шектеусіз алғашқы талап бойынша құймаларды сатады немесе сатып ала алады. Құймалар екінші деңгейлі банктерде сатылады", - деді Ұлттық банк төрағасы.
Қазіргі уақытта реттеуші алтын құймаларын сату бойынша Халық банк және Еуразиялық банкпен келісім жасаған. Енді Астана, Алматы, Өскемен, Атырау қалаларында сатып алуға болады.