ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ақпаратынша, кеден және салық саласында жемқорлық азаяр емес. Бұл туралы ведомство басшысының орынбасары Алик Шпекбаев мәлімдеді.
Оның сөзінше, 2016 жылы 61 жемқорлық қылмыс жасалса, 2017 жылдың бірінші тоқсанында-ақ жемқорлыққа қатысты 58 факт тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 81%-ға жоғары.
"Құқықтық статистикаға сәйкес, 2016 жылы жауапқа тартылған орталық органдар арасында - Қаржы министрлігі екінші орында. Әсіресе ведомство құрамындағы мемлекеттік кіріс органдарының үлесі - 86%. Сондықтан Қаржы министрлігінен осыған мән беруін сұраймыз. Мысалы 2016 жылы мемлекеттік кіріс органдарынан бір қызметкер жауапқа тартылса, 2017 жылдың 1 тоқсанында бірден үш адамға жетті", - дейді ол.
Шпекбаевтың сөзінше, 2016 жылы мемлекеттік қызмет көрсету сапасын тексеру кезінде осы салада 2 мыңға жуық заң бұзушылық анықталған.
"Қаржы министрлігі тарапы біз жіберген жемқорлық фактілеріне қатысты ескертуімізге аса мән беріп отырған жоқ. Агенттік арқылы ведомствоға жемқорлық тәуекелдерін орындау үшін 15 ұсыныс жасалды. Оның тек бесеуі орындалды. Мен мәселелерді тағы бір қарауды ұсынамын. Егер олардың тарапынан ешбір әрекет жасалмаса Президент әкішілігінің әдеп жөніндегі комиссиясына жетекшілерге қатысты қажетті шараларды қолдану туралы өтініш жіберіледі", - деп атап өтті Агенттік өкілі.
Сондай-ақ, Алик Шпекбаевтың сөзінше, Қаржы министрлігі үкімет тарапынан бекітілген жемқорлыққа қарсы шараларды да толық орындамаған.