Қазақстан мұнай көлемін шектеуге қатысты бұрынғы келісімді орындамаған болуы мүмкін. ОПЕК ұйымы "алдандық" дегендей кейіп танытып отыр, деп жазады Прайм агенттігі.
Картельдің мәліметінше, Қазақстан квота бойынша келісім аясында өндірісті қысқартпаған. Келісімге сәйкес, еліміз күніне өндірілетін мұнай көлемін 20 мың баррельге дейін қысқарту керек екен.
ОПЕК келімісді толық орындамады деп тек Қазақстан емес, Ресейден де күдіктеніп отыр.
"Егер Ресей 25 мамырда болатын мұнай көлемін қысқарту мерзімін ұзартуға келісетін болса онда Сауд Арабиясы мен ОПЕК-ке мүше басқа елдер міндетті толық орындау үшін Мәскеуге қысым көрсетеді. Өйткені олар өздері уәде еткендей алты айда өндірісті тәулігіне 300 мың баррельге дейін қысқарту керек еді. Бірақ олар бұл уәдені орындамады", - деп мәлімдеген картель өкілдері Экономикалық коммиссия кеңесінің отырысында.
Еске салайық, бұдан бұрын Ресей мен Сауд Арабиясының энергетика министрлері Александр Новак мен Халед аль-Фалехтың бірігіп жасаған мәлімдемесінде 25 мамыр күні Венада болатын кездесу кезінде мұнай өндірісін қысқарту келісімінің мерзімін 2018 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзарту туралы ұсыныс айтылған. Келісім уақытын ұзарту мәселесі алдын ала 24 мамыр күні министрлер кездесуінде, одан кейін 25 мамыр күні ОПЕК пен оған мүше емес елдер арасында талқыланады.
Ал Қазақстанның Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Қазақстан мұнай көлемін қысқартуға қатысты ОПЕК-пен болған келісім мерзімін одан әрі ұзартуға дайын еместігін мәлімдеген. Министрдің сөзінше, Қазақстан қара алтын көлемін қысқарту туралы келісім аясында болады. Алайда шикізат өндірісін енді дамытып жатқан Қашаған сияқты кен орнының да мүмкіндіктері ескерілу қажет.