Қазақстанда билік пен қоғам арасындағы сенімнің неге үнемі күйреп отыратынын түсіну үшін ұзақ зерттеудің қажеті жоқ. Соңғы «7 триллион теңгенің заңсыз елден шығарылғаны» туралы Президенттің мәлімдемесі сол жүйелік дағдарыстың айнасы ғана. Мемлекет басшысының аузынан шыққан сөз бір күндік жаңалық емес, ол саяси факт, құқықтық бағдар және қоғамдық келісімге әсер ететін мәлімдеме. Ал бұл жолы сол сөздің тағдыры тым күмәнді болып шықты.

Президент айтқан мәлімдемеден кейін қоғамда бірден сұрақтар туындады. Ақша нақты қайда кетті? Қандай тетіктер арқылы шығарылды? Кім жауапты? Осы сұрақтарға билік ашық жауап берудің орнына, үнсіздікке көшті. Ал үнсіздік әрқашан қауесеттің досы. Сол себепті ел ішінде бұл қаржы Ресейге аударылған болуы мүмкін деген әңгіме тарады. Бұл ресми дәлелденбеген болжам, бірақ оның пайда болуына биліктің өзі жағдай жасап отыр.

Дәл осы тұста Президент көмекшісі Руслан Желдібайдың қызметтен кетуі қоғамды тағы да ойландырды. Кездейсоқ сәйкестік пе? Әлде жауапкершіліктен құтылудың классикалық тәсілі ме? Ресми түсініктеме берілмеді. Бірақ билікке жақын журналистер мен ақпараттық қызметшілер Желдібайды жаппай ақтап, мақтау жазбаларын жариялай бастады. Бұл да Қазақстанда әбден таныс көрініс: егер біреуді жаппай ақтай бастаса, демек, жұрт білмейтін тағы бір жұмбақтың боғаны.

Ең сорақысы мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарының әрекеті. Алғашында Президент сөзіне сүйеніп, бұл тақырыпты жарыса жазған барлық мемлекеттік БАҚ кейін сол материалдарын бір күнде, бірдей алып тастады. Бір де бір редакция қоғамға түсініктеме бермеді. Бұл цензура емес деп кім айта алады? Егер Президент айтқан сөз шын болса, неге ол ақпараттан қорқу керек? Ал егер шын болмаса, неге ашық түрде қателік мойындалмайды?

Бұл бұрын да болған сценарий. Қаңтардан кейін Тоқаевтың «20 мың террорист» туралы мәлімдемесі әлі ел есінде. Ол кезде де нақты дәлел ұсынылмады. Кейін бұл ақпараттың жалған екені Президенттің өз аузымен емес, айналасындағы адамдар арқылы жанама түрде мойындалды. Бірақ қоғамға тікелей, ашық саяси жауап берілген жоқ. Билік тағы да үнсіздікті таңдады. Ал үнсіздік шындықтың мойындалғанын емес, одан қашқанын көрсетеді.

Құқықтық мемлекетте Президент қателесуі мүмкін, бірақ өтірік айтуға немесе жалған ақпарат таратуға құқылы емес. Себебі оның сөзі соттар үшін, тергеу органдары үшін, халықаралық қауымдастық үшін бағдар. Егер бұл сөздер кейін еш түсіндірмесіз өшіріліп, мемлекеттік медиа оны жоққа шығаратын емес, жай ғана жасыратын жолды таңдаса, онда бізде құқықтық мемлекет емес, басқарылатын ақпарат кеңістігі ғана бар деген сөз.

Мәселе 7 триллион теңгенің тағдырында емес. Мәселе биліктің шындыққа қатынасында. Бүгін ақша туралы үнсіз қалды, ертең адам құқығы туралы үнсіз қалады, арғы күні халықтың тағдыры туралы да үнсіз қала береді. Себебі жауапкершілік жоқ жерде, өтірік те, цензура да қалыпты құбылысқа айналады.

Қазақстанда ең қауіптісі биліктің қателігі емес, қателікті мойындаудан қорқуы. Ал қорқынышқа құрылған мемлекет ешқашан сенімге ие бола алмақ емес.