Қазақстанда АЭС салу мәселесі – тек энергетикалық немесе экономикалық таңдау ғана емес, ол саяси легитимділік пен азаматтық қоғамның тағдырын айқындайтын күрделі түйінге айналды. АЭС құрылысына қарсы шыққаны үшін сотқа тартылған бес азаматтың ісі халық арасында «Бесеудің соты» деп аталды. Бұл атау қазақ тарихындағы «Бесеудің хаты» сынды тарихи параллельді еске түсіріп, бүгінгі азаматтық қарсылықтың мәнін айқындайды. 

Бес белсендіге тағылған айыптар негізінен Қылмыстық кодекстің 272-бабы («жаппай тәртіпсіздікке қатысу») және 405-бабы («тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысу») бойынша қаралуда.

  • 272-бап – билік жиі қолданатын саяси құрал, бейбіт акцияларды «тәртіпсіздік» ретінде көрсетуге алып келеді.
  • 405-бап – кез келген оппозициялық пікірді «экстремизм» аясында қарастырып, азаматтық белсенділікті қылмыстандыруға бағытталған бап.

Бұл сот үш негізгі саяси шындықты ашып берді:

  1. Энергетикалық тәуелділік пен биліктің таңдауы. Қазақстан билігі Ресей қолдайтын АЭС жобасын «ұлттық мүдде» деп көрсеткісі келеді. Бірақ қоғамда атом станциясына қарсылық күшейіп барады. «Бесеудің» әрекеті осы қарсылықтың символына айналды.
  2. Азаматтық қоғамды тұншықтыру. Бейбіт наразылықтың өзі «қылмыстық топ» әрекеті ретінде қарастырылуда. Бұл – сөз бостандығы мен бейбіт жиналу құқығының жүйелі түрде шектелуі.
  3. Сенім дағдарысы. АЭС жобасының бір жақты талқылануы, референдумдағы заңсыздықтар – биліктің халық пікірін тыңдаудан гөрі қатаң бақылауды таңдағанын көрсетті.

Қазақ қоғамындағы «Бесеудің хаты» (1932 ж.) кеңестік ашаршылық саясатына қарсылықтың символы болса, бүгінгі «Бесеудің соты» – халықтың үнін билікке жеткізуге тырысқан жаңа қарсылықтың нышаны. Тарих доңғалағы ескі ізін қайта басқандай: әділетсіздікке қарсы шыққандар тағы да сот залында, темір торда отыр.

Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында өтіп жатқан бұл істе заңға қайшы жағдай тіркелді. Судья Ернар Қасымбек The Qazaq Times агенттігінің журналисін сот залынан үш рет негізсіз қуып шықты. Бұған дейін де дәл осы судья Қанды Қаңтар істерінде журналистерді дәл осылай шектеген болатын.

Бұл – Қазақстан Конституциясының 29-бабы мен ҚПК-дағы жариялылық қағидатын тікелей бұзу. Журналисті себепсіз залдан шығару – сот процесін қоғамнан жасыруға жасалған әрекет ретінде бағалануы мүмкін.

Прокурор бес белсендіні 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Алдағы дүйсенбі күні сотталушылар соңғы сөзін айтады.

Бұл жерде басты сұрақ – судья Ернар Қасымбек прокурордың талабын орындап, үкімді сол қалпы шығара ма, әлде әділдікті таңдауға тәуекел ете ме?

«Бесеудің соты» – Қазақстанның энергетикалық емес, ең әуелі демократиялық таңдауын көрсететін сәт. Бұл сот биліктің халықпен қарым-қатынасының нақты өлшеміне айналады.

The Qazaq Times