Қазақстан егемен атанғалы биліктің бастамасымен өткелі тұрған бесінші референдумның осыған дейінгісінің нәтижесі Ақорда көңілінен шыққан. Жалпы сайлау я референдумның қай-қайсысында да азаматтық қоғам үні өткір әрі айқын көрінетіні Алматы қаласы. Биыл Алматыда сайлау-референдумды бақылауға жарғылық құқығы бар 8 ұйым аккредиттелген. QT осы ұйымдардың жұмысы, әкімдікпен байланысы туралы саралап көрді.

Орталық сайлау комиссиясы жариялаған тізімге сәйкес, Алматы қаласынан сегіз ұйым тіркелген. Олар:

  • «Тәуелсіз Бақылаушылар» қоғамдық бірлестігі
  • «Эхо» қоғамдық бірлестігі
  • «Ақпараттық-ресурстық орталық» қоғамдық қоры
  • «Ер Азамат» қоғамдық бірлестігі
  • «Ауғанстан ардагерлерінің кеңесі» қоғамдық бірлестігі
  • «Almaty Azamattyq Alliance» заңды тұлғалардың қауымдастық нысанындағы бірлестігі
  • «Адам және қоғам» үкіметтік емес ұйымы» қоғамдық бірлестігі
  • «Social project management» орталығы» қоғамдық қоры

Алматыда тұрғындар жүретін аспалы көпірдегі АЭС-ке үгіттеу мәніндегі баннер. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Алматыда тұрғындар жүретін аспалы көпірдегі АЭС-ке үгіттеу мәніндегі баннер. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

ҮЕҰ (Үкіметтік емес ұйымдар – ред.) мен жергілікті билік арасын үйлестіретін «Ақпараттық-ресурстық орталық» қоғамдық қорына хабарласуға тырыстық. Қордың бірінші басшысы, негізгі құрылтайшысы әрі Алматы қаласы мәслихатының аманаттық депутаты, қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Алтынай Көбеева  тұтқаны көтермеді. Екінші құрылтайшы Нұржамал Сүйесінова өзінің «негізгі құрылтайшының көмекшісімін» деп, референдумға ұйымның қатысар я қатыспайтыны, неше учаскені бақылайтыны жайлы хабарсыз екенін айтты. Ұйымның аккредиттелгені туралы ақпаратты таңдана қабылдады.

Қор 2018 жылы Ішкі саясат басқармасының (қазіргі Қоғамдық даму басқармасы – ред.) қолдауымен құрған «Civil Center Almaty» жобасын, яғни Азаматтық орталық жұмысын жүргізеді.

Алматы қаласы әкімдігінің Қоғамдық даму және Жастар саясаты басқармаларынан жүздеген миллион теңгеге тапсырыс орындайтын қор негізінен қоғамдық ұйымдар қызметін жүзеге асырады. Мемлекеттік сатып алуға қомақты сомамен белсенді қатысады. Заңды тұлға ретінде тек 2016 жылдан бері нақты сомасы 382 млн теңгеге барлығы 40 шақты келісімшарт түзіскен. Оның 33 келісімшарты – бір ғана Алматы әкімдігінен. Statsnet ашық дереккөзіне қарағанда, қордың былтырғы жылдық түсімі 435 млн теңгені шамалаған.

Алтынай Көбеева – Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы, мәслихат депутаты. Фото: Алматы қ. Өңірлік коммуникациялар қызметі

Алтынай Көбеева – Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы, мәслихат депутаты. Фото: Алматы қ. Өңірлік коммуникациялар қызметі

Интернет беттерінде қор құрылтайшысы Алтынай Көбеева «AMANAT» партиясының бастамасымен құрылған АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб құрамында елді үгіттеуге атсалысып жүрген ақпарат көп. АЭС салуды қолдайтын депутаттың референдумды бақылаудағы бейтараптығы туралы ұстанымын білу мүмкін болмады.

***

Референдумды бақылауға ынталы тағы бір ұйым – «Almaty Azamattyq Alliance» заңды тұлғалардың қауымдастық нысанындағы бірлестігі. Жоғарыда аталған қор осы ұйымның үш құрылтайшысының бірі. Азаматтық альянс сайтында көрсетілген бұл ұйымның мекен-жайы 2Gis қосымшасындағы депутат Көбееваның сайлаушыларын қабылдау бөлімі мен ол басқаратын қордың мәліметімен бірдей 139-кабинет көрсетілген. Алматылық альянстың төрағасы Қайыржан Әбдіхалықов Қаңтар оқиғасынан кейін 2022 жылы өткен президент сайлауын «қоғамның кемелденгенін көрсетті» деп бағалаған. ҚБТУ бизнес мектебінің ассистент-профессоры Әбдіхалықов АЭС-ты қолдау науқанында сарапшы ретінде де көзге түсіп жүр.

Қайыржан Әбдіхалықов. Фото: Алматы қ. Өңірлік коммуникациялар қызметі

Қайыржан Әбдіхалықов. Фото: Алматы қ. Өңірлік коммуникациялар қызметі

Редакция қоңырауына берген жауабында ол 700 байқаушы дайындап отырғанын, үйлестіру жұмыстары жүріп жатқанын айтты. Бақылаушылардың жол жүрісі, түскі асына арналған шығындардың көлемі мен қаржыландыру көзі туралы сұраққа «әлі нақты емес» деді.

Бұл ұйым да құрылтайшысы тәрізді мемлекеттік сатып алуға қатысады, әкімдіктен мемлекеттік грант алады.

***

«Ер Азамат» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшы-жетекшісі Лаила Ахметоваға байланысу мүмкін болмады, тұтқаны көтермеді. Ахметова әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ұзақ жыл оқытушы, журналистика саласында зерттеушілігімен белгілі. Бірлестіктің жұмыс істеп тұрғанымен, қаржылық айналымына дәйек жоқ.

«Гендерлік теңдікке қол жеткізу, демократиялық және азаматтық қоғамның қалыптасуына кедергі келтіретін стереотиптік гендерлік рөлдерді өзгертуді» мақсат тұтқан ұйымның осыған дейін саяси науқанға қатысқаны, сайлауды бақылағаны туралы ақпарат табылмады.

***

«Ауғанстан ардагерлерінің кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы әрі негізгі құрылтайшысы Мұрат Әбдішүкіров тілші сауалына тосылып қалды. «Неше учаске екенін білмеймін, оны нақтылап сұрайын, кейін жауап берейін» деп қысқа қайырды.

Әбдішүкіров – ардагерлер ұйымынан басқа тағы бір-бір бірлестік («Uly Dala Patriottary» Патриоттық қозғалысы» ҚБ) пен жеке кәсіпкерліктің иесі.

***

«Адам және қоғам» үкіметтік емес ұйымы» қоғамдық бірлестігінің басшысы әрі құрылтайшысы Гүлім Нұрғалиеваның ресми дерекқорда көрсетілген нөмірі «тіркелмеген немесе істемейді» деп тұрғандықтан, байланысу мүмкін болмады.

2021 жылғы қаңтарда Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлауда Нұрғалиева әкімдікпен етене «тәуелсіз бақылаушылар штабына» 120 байқаушы жіберетінін мәлімдеп, кейін бақылау нәтижесін хабарламады.

Ортада – ұйым жетекшісі Гүлім Нұрғалиева. Фото: Almaty TV

Ортада – ұйым жетекшісі Гүлім Нұрғалиева. Фото: Almaty TV

Үш құрылтайшыға ортақ бірлестік биліктен ең қомақты сомаға тұрақты түрде қаржыландырылатын ұйым. Ашық дереккөздердегі ақпараттарда мемлекеттік сатып алуға тіркелген сегіз жылда кемі жалпы көлемі 570 млн теңге қаражатқа 250-ге тарта келісімшарт жасасқан. Мемлекеттік сатып алу порталында биыл Алматы қаласы әкімідігімен ондаған миллион қаржыға жасасқан негізгі келісімшартқа қосымша келісімшарттың айырықша көптігін көруге болады.

Statsnet дерегінше, былтырғы жылдық түсімі 377 млн теңгеден асқан және бұл кейінгі үш жылдағы ең азы.

Ұйым 2021 жылы ақпарат министрі Аида Балаеваның табыстауымен ҮЕҰ-ларға арналған мемлекеттік сыйлық иеленді.

Негізгі құрылтайшы Жанат Сманқұлова екі компанияны жүргізеді. «Білім және жаңа инновациялық технологиялар орталығы» ЖШС мемлекеттен 2016 жылдан бастап нақты сомасы 1.1 млрд теңге болатын жүзден аса келісімшартқа қол жеткізген. Сондай-ақ, екінші кәсібі – осы мекеменің Алматы облысындағы филиалының қаржылық түсімі белгісіз.

***

Референдумды бақылауға мүмкіндік алған тағы бір ұйым әкімдікпен етене жұмыс істейтін «Social project management» орталығы» қоғамдық қоры. Қаржы министрлігінің мәліметінше, кейінгі бес жылда мемлекеттік сатып алуда нақты көлемі 190 млн теңгеден асатын ондаған келісімшарт орындаған. Оның 70%-дайын тек 2023-2024 жылдары әкімдіктің екі басқармасынан (Жастар саясаты және Ішкі істер басқармасы) алып келеді.

Сонымен қатар, былтырғы жылдық қаржылық түсімі 58 млн теңге болған. Бұл 2021 жылдан бергі ең төмен көрсеткіші.

Ұйым құрылтайшысы әрі басшысы Бейбіт Молдахметұлы бұдан өзге екі компанияға (Newtime ЖШС және «Куртайез» ЖШС) жалғыз иелік етеді.

***

Алматылық азаматтық қоғамда аты танымал «Тәуелсіз бақылаушылар» қоғамдық бірлестігі QT редакциясымен тілдесуге уақыт тапты. 2016 жылы құрылған ұйымның қазіргі төрағасы Бесжан Төлеубекұлы жылдан-жылға бақылаушылар арасында үмітсіздік үдейе түскенін айтады.

– Биылғы референдумда жүз шықты бақылаушымен жұмыс істейміз. ...Қарапайым жандардың азды-кем қолдауының арқасында бақылаушыларды бір уақ түскі аспен қамтуға тырысып жатырмыз. Не мемлекеттен, не арнайы қалталы демеушіден алғанымыз-аларымыз жоқ. Қазір жаңа бақылаушыларға оқыту-дайындау жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Бар назарымыз осы бағытта, – дейді белсенді.

Белсенді-бақылаушы Бесжан Алматыда тұрғындар жүретін аспалы көпірдегі АЭС-ке үгіттеу мәніндегі баннер. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Белсенді-бақылаушы Бесжан Алматыда тұрғындар жүретін аспалы көпірдегі АЭС-ке үгіттеу мәніндегі баннер. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Тоқаев былтырғы жолдауында АЭС құрылысы референдум  арқылы шешілетінін жариялаған бойда-ақ бірлестік бірден аккредитацияға қамданған. Тіркеуден алматылық сегіз ұйымның ең алғашқысы болып, 2024 жылғы ақпанда өткен.

«Тәуелсіз бақылаушылар» құрылғалы әр саяси науқанда түрлі тура-жанама кедергілерге ұшырайды. Бірде семинар-тренинг өткізетін мекеме жалға беру қызметінен бас тартады, бірде уақытша кеңсесі коммуналдық қызметтерден ажыратылады.

Тәжірибелі бақылаушы Бесжан Төлеубекұлы. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Тәжірибелі бақылаушы Бесжан Төлеубекұлы. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Ұйымның тағы бір ерекшелігі – жылда қатысатын бақылаушылардың басым бөлігі қазақ тілді азаматтар. Жастар мен орта жастан асқандар ара салмағы бірдей. Ұйым мүшелері сайлау-референдум сайын учаскелердегі заңсыз жайттарды анықтап, тіркеп, сотқа жолдайтынын, бірақ «саяси астармен аяқсыз қалатынына» шағынады.

Айта кетерлігі, бірлестік 2020 жылы мемлекеттік сатып алу порталына тіркелгенімен, бірде-бір рет айналыспаған. Қаржылай түсімі жоқ.

P.S.: Әкімдікпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін жергілікті ұйымдардың бәрі бірдей бір күнде, 8 қыркүйекте тіркелген. Бірінші «Тәуелсіз бақылаушылар» бірлестігі 20 ақпанда, кейін 20 тамызда «Жаңғырық» бірлестігі аккредиттелген.

БАҚ беттерінен алғашқылардың қатарында куәлік алған екі ұйымның осыған дейінгі бақылау тәжірибесі туралы көп материал табуға болады. Басқа алты ұйымның әлдебір ресми есебін, сайлау бақылауы туралы қорытынды мәлімдемесін кезіктіру мүмкін емес. Тіпті кейбірінің жалпы қоғамдық қызметіне қатысты ақпарат қат.

The Qazaq Times