Биыл мемлекеттік қаржыландыру арқылы бесінші мәрте өткізілген Digital Almaty халықаралық форумында тіл дауы туған. Үкімет басшысы Смайыловтан бастап модераторлар мен спикерлердің басым бөлігі мемлекеттік тілде сөйлемеді. Бюджет қаржысына ұйымдастырылған шараның жұмыс тілі орысша өтуі қоғам қарсылығын өршітті. Форумның жұмбақ бюджеті, министрлік уәдесі туралы QT сұрап білді.
Биыл 2-3 ақпан күндері Алматы қаласында Digital Almaty бесінші халықаралық форумы болып өтті. Корея сарапшысы кәріс тілінде, Ресей премьер-министрі орысша мәлімдеме жасады, сәйкесінше аударма беріліп отырды. Орталық Азиядағы ең ірі Tech-іс-шарада үш тілде синхрон аударма жүргізілгеніне қарамастан, Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов форум аясында ЕАЭО-ға мүше елдердің үкімет басшыларының қатысуымен өткен пленарлық отырыста баяндамасы мен презентациясын орыс тілінде жасады.
Бұл шешімді қабылдауға не түрткі, қандай құқықтық негіз бары жөнінде QT премьер-министр аппаратына ресми сұрау жолдаған. Бірақ жауап Смайыловтың өзінен емес, цифрлық даму вице-министрі Асқар Жамбакиннің атынан келді.
«Форумның пленарлық отырысына Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей Федерациясы және Өзбекстан премьер-министрлері қатысқандықтан, олар орыс тілінде сөз сөйледі. Форум халықаралық сипатқа ие болғандықтан және іс шараға шетелден көптеген меймандар келгендіктен қатысушылар ағылшын, кәріс, түрік және т.б. тілдерде сөйледі. Сондай-ақ синхрондық аударма 3 тілде жүргізілді. Бірінші кезекте мелекеттік тілге басымдылық берілді», – деп сипай өтіп, нақты жауап бермеген ресми ақпаратта.
Қазақстан ұйымдастырған айтулы әрі ірі форумның түгел дерлігі орыс тілінде өткеніне қарсылығын жеткізген, орысша білмегендіктен шарада айтылған ақпаратты түсіне алмағанын мәлімдеген тарихшы-инфлюнсер Нұрқожа Ерсайынға әлеуметтік желіде Digital Almaty ұйымдастырушылары ресми парақшасында «жұмыс тілі – орысша» бекітілгенін жазып жауап берген. Ағартушылық бағытта тарихи-танымдық контент жасайтын Ерсайын спикерлері мен модераторы тек орысша өтіп жатқан жиынның бірінде қазақ тіліне жеткілікті көңіл бөлмеген ұйымдастырушыларға наразылығын білдірген.
«Жаңа болмыстағы цифрлық әріптестік» тақырыбына арналған биылғы форумның жұмыс тілі орысша өтуі қоғамда наразылық тудырды.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асқар Жамбакин «министрлік алдағы уақытта аталған іс шаралардың қазақ тілінде өтуіне барынша мән беретін болады» дейді.
Тіл дауының кезекті алаңына айналған форумды өткізуге демеушілер мен серіктестерден өзге тек мемлекеттен 250 млн теңге бөлінген.
Сонымен қоса, үкімет басшысына жоланған редакция сұрау хатындағы 5 сұраққа жауап берілмеді. Онда биыл алғаш рет бағдарламаға енген digital Ministry Cup робототехника чемпионаты мен ASTANA HUB BATTLE сайысына шетелден келген жүзден аса қатысушының шығыны, панель сессияларына қатысқан шетелдік және отандық 150-ден аса спикерге төленген қаламақы, Digital Almaty Awards премиясының 7 номинациясының жүлдеқоры, 2018 жылдан бері өткен төрт форумның жалпы бюджетін жылдар бөлінісінде нақты көрсету сұралған.
«Форум цифрлық саладағы жаңашылдықтар мен жетістіктерді көрсетуге, IT нарықты дамытуға, компаниялар мен мамандардың тәжірибе алмасуына, үздік жобаларды инвесторлардың қолдауына және Қазақстанның цифрландыру, мемлекеттік қызмет көрсету, IT саласындағы әлеуетін ЕАЭО мүше мемлекеттер аудиториясына көрсетуге септігін тигізді», – деп мақтауын қиыстырады министрлік.
Шараны ұйымдастырушы ведомствоның бірі және бастысы – Цифрлық даму министрлігі «форумға 20 мың мейман қатысқанын» ерекше атап өтеді. Сондай-ақ, мемлекеттік бюджет қолдауымен өте тұра мемлекеттік тіл кемшін қалған шараның ұйымдастыруына жауапты мекемелердің қатарында Алматы қаласының әкімдігі, Tech Garden және Astana Hub өкілдігі де бар.