Брюссельде орналасқан Адам құқықтары бойынша халықаралық серіктестік үкіметтік емес ұйымы (IPHR), Азаптауға қарсы коалиция және Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі бюро 31 қаңтарда Астанада Қаңтар оқиғасына қатысты есебін жариялады, -деп жазды Азаттық радиосы.
"Біз қазір жылай да алмаймыз" – Қаңтар оқиғасы кезіндегі азаптау, қатыгездік және заңсыздық" деп аталатын есепте былтыр қаңтарда Қазақстанда адам құқығы "өрескел бұзылғаны" жайлы айтылады.
IPHR ұйымының Орталық Азия бойынша зерттеушісі Рэйчел Гасовски Астанадағы жиынға онлайн қосылып, Қазақстан билігіне бес ұсыныс жасады:
- Қаңтар оқиғасы кезіндегі азаптау фактілерін "жіті, тәуелсіз түрде тергеп", халықаралық стандарттарды ұстанатынын көрсету; тергеуге халықаралық сарапшыларды араластыру.
- "Дәлел жоқ" деп және қылмыс құрамы жоқ деп жабылған азаптау істерін қайта қарау.
- Әділ сот арқылы барлық кінәліні сотқа тарту.
- Азапталғандар мен олардың отбасыларына құқықтық қорғау көрсетіп, шығынын өтеу.
- Медицина қызметкерлерінің азаптау мен қинауға қатысы бар-жоғын тексеріп, жауаптылар болса, сотқа тарту.
"Қазақстан билігі сөзден іске көшіп, Қаңтар оқиғасы кезінде азаптағандарды жауапқа тартып, азаптау көргендерді қорғап әрі өтемақы беруі керек" деді Гасовски.
Жиынға қатысушылар Қаңтар оқиғасына қатысты көп факті ұсынды. Отырысқа Қаңтар оқиғасында азапталдық деген алматылық Саят Әділбекұлы мен атыраулық журналист Олеся Вертинская қатыстып, бастан өткен оқиғаларын айтып берді.
Азаптау туралы жиынға бас прокуратураның өкілі Біржан Мажренов пен ІІМ тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов қатысты. Олар жиында айтылған фактілерді жоққа шығаруға тырыспады және биліктің азаптауға қатысты осыған дейінгі ұстанымдарын айтты.
Әділов сөзінде "бұл жұмыс біз үшін маңызды" деп, "азаптау болған" тергеу изоляторларында камералар орнатылғанын айтты. "Қазір кез келген азаптау белгілері бар шағымдар тергеледі" деді ол. Екі шенеунік белсенді Айбек Сәбитов сөз сөйлеген соң, залдан шығып кетті.
"Мен сенбеймін. Сіздер, ішкі істер министрлігі, прокуратура, антикор қызметкерлері, шаблонмен сөйлейсіздер. Жедел қызметкерлер үш күн бойы адамдарды ұрғанын өз көзіммен көрдім. Адамдарды қабырғаға жабыстырып, ешкімді көрмейтіндей тұрғызып қойып, ұрды" деді Қаңтарда азапталдым деген Сәбитов.
Жиынға БҰҰ азаптау бойынша бұрынғы арнайы маманы Манфред Новак, Бүкіләлемдік азаптауға қарсы ұйымның бас хатшысы Геральд Стаброк қосылды.
Гасовски "жүздеген адам полиция бөлімдерінде, қамау орны ретінде қолданылған спорт орталықтарында, көшеде, медицина мекемелерінде азапталған" деді.
"Біз адамдарды аямай ұрған, үтікпен қинаған, электр тогын қолдану, басына қап кигізіп ұру, ыстық я мұздай су құю, тісін жұлу, жыныстық қорлау сияқты азаптау әдістері болғанын құжатқа тіркедік" деп сөзін жалғады Гасовски.
Есепте әйелдер, балалар, мүгедектер, шетелдіктер бары айтылған және жараланған адамдарды ауруханадан тергеу изоляторына апарып азаптағаны да қосылған.
Жиында мамандар "Қазақстан билігі Қаңтар оқиғасындағы азаптау фактілеріне қатысты ашық тергеу жүргізе алмағанына алаңдайтынын, халықаралық тергеуді кіргізбегенін" айтты.
5 қаңтарда парламентте Қаңтар туралы тыңдауды бас прокурор Берік Асылов елде азаптау арыз-шағымы бойынша 329 іс қозғалғанын, ҰҚК мен полицияның 34 қызметкерінің ісін прокуратура қарап жатқанын хабарлады.
17 қаңтарда балалар үйінің тәрбиеленушісі Тимур Радченконы азаптау ісі бойынша екі полицей үш жылға сотталса, бір полицейдің бас бостандығы шектелді.
25 жыл бұрын Қазақстан БҰҰ азаптауға қарсы конвенцияны ратификациялаған. Құқық қорғаушылар Қазақстанда полицейлер жасаған азаптау фактілері көп болса да, оларды жауапқа тарту қиын екенін мәлімдеп келеді. Полицейлердің үстінен азаптау шағымы түссе, бұл арыз сотқа сирек жетеді.