16 қаңтар күні Алматы қаласы, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында ақын, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бақыт Беделханның “9 грамм” интеллектуалды поэтикалық драмасының тұсаукесері өтті. Туындының режиссері Жұлдызбек Жұматай және дыбыспен көркемдеген сазгер Қанат Ибрагимов, -деп хабарлады Қарасай аудандық мәдениет үйінің әдіскері А.Жұмашева
Біз ақын Бақыт Беделханның «9 грамм» атты нтеллектуалды поэтикалық драмасын оқырман қауымға ұсынуды жөн көрдік.
«9 грамм»
интеллектуалды поэтикалық драма
(Алаш Арыстарының рухына бағышталады.)
шымылдық
Реквизит: Тор-сетка - саясат, тағдыр..., доп - адамның басы - Алланың добы, дүние-боқ....
Кейіпкерлер: Көрермен көкейіндегі рухтар...
пролог:
- Түнде жалғыз қаңқылдайды қаз-жұлдыз.
Жар қасында жатсақ тағы жалғызбыз.
Дөңгелентіп, боқ көтерген қоңыздай,
Күлшеленген күнәмызға мәзбіз біз...
- Сары қатынға айналды қыз-еркем де.
Күреңітті сап-сары уүз-өлкем де.
Боқ арқалап барады қара қоңыз,
Нені арқалап барамыз біз ертеңге?
Ей, қазақтар, сендер күлкілісіңдер...
- Күлейін десем, жылаймын
Жылайын десем, күлемін.
Біріңді сатып, біріңді алдап,
Алдағанға үйреніп қалған сол жүрегің...
Сол жүрегің -
Миы жоқ байлықтың мекені,
Жансыз байлықтың болмайтындығын түсінсе не етеді ?!
Иттің ұлы байқотан аулақ жүрсін,
Бұл - қазақтың мекені!
- Неге?..
- Түрмесіз далада қорасыз қой бағып, мылтықсыз аң аулап, саятшылық құрған. Есігіне ала жіп байлай салып, алты айшылық жолға алаңсыз шығып жүре беретін Қазақтың , даласы да санасы да үрей билеген түрмеге айналып барады... Неге?
- Орысша ойлаймыз... Арапша құдайға құлшылық етеміз... Латынша дыбыс таңбалаймыз... сарт-сауанның тамағын жеп.... Сосын, жатып алып Қазақша қайғырамыз . Неге?!..
- Сауда-саттықты өмірлік кәсібіне айналдырған өзге жұрттар бірін-бірі сата қоймайды. Ал, иен даланы еркін жайлап келсе де, бақыр тиын жұмсап, саудаласуды намыс көретін қазақ – сатқындыққа жақын. Неге?
-
(Патриоттық рухтағы марш)
Елімде елім, ел мекен-ай,
Елім жайылған жер мекен-ай,
Шекердей сырды шертсем дағы, ой,
Шежірем неге шерлі екен-ай.
Елім де Елім Ел мекен-ай,
Елім жайлаған төр мекен-ай,
Көңілшек жұртың көрші үйіне-ай
Келімсек қайдан келді екен-ай.
- Алаш! - дедім,
Адас! - деген ешкім жоқ!
Ардан биік әрі ас! - дедім,
Талас! - деген ешкім жоқ!
Сұрына тік, қарай алмас,
Сұмдықты айтқан ешкім жоқ!
Сұғына тік, қарай алмас,
Шындықты айтқан ешкім жоқ!
Бұлданып қанша бақсаң да
Бұл дүние өтер бес күн боп...
Қылбұрауда шыңғырып жатсаң да,
Сол бес күнннің сорлысы -
Көру барда, есту жоқ!...
- Уақытында айтылмаған сөз - жетім.
Ақиқатты көре алмаған көз - жетім!
Жетім, жетім,
жетілмеген ел - жетім.
Ел ішінде ешкімі жоқ ер жетім!
- Білем..,
Тексіздікті көрдім, білдім.
Жеріндім де жек көрдім..
Кері-ауыз, кері - заманға,
Кешегі емес,
келешек үшін кектендім!
...Тарыдай шашылған қазақтың
Тағдырын ойлап, шөккен кім?
Өкінішпенен өткен кім?
Қара нарыңның қабырғасын
Сөккен кім?
Қара халықтың қанды жасын
Төккен кім?
Кім?...
...Сол - арманда кеткен Арыстардай
Ел үшін,
Жаным құрбан! – деп, көргін!
- Жан, жан құрбан, жан құрбан.
Жаннан бұрын мал құрбан.
Арыстарыңның бұл заман
Бір ауыз сөзін зар қылған....
- Қиюы кеткен заманға,
Қырда тұрып қарадым.
- Қияға қолым жеткен жоқ!
Тәубасы жоқ адамға,
Тауда тұрып қарадым.
- Балағынан бит-бүргесі кеткен жоқ!
Шындығы жоқ қоғамға,
Шыңда тұрып қарадым.
- Өтірігі өңменімнен өткен жоқ!
Алаяқ, арсыз жандарға,
Адалдығымнан алдандым,
Ал, Алашыма менің өкпем жоқ!
- Ақ жүрек, адал, сенгішім,
Ел үшін туған ермісің?!
Сен болып, кімдер кешпеді,
Мен болып, кімдер кешпеді,
Заманның шемен - шерлісін?
- Мен - Ортаңда едім,
Жермен бірге сүйегіңді сатқанда.
Мен - Ортаңда едім,
Елмен бірге киеліңді атқанда!..
Мен - Ортаңда едім,
Қаңтардағы қанды ауызды қақпанда
Мен - әлі, Ортаңдамын,
Берген сертімді сақтарға...
Мен - әлі, Ортаңдамын,
Жүрегіңмен тілегіңді айтқанда!..
- Жалғыз-ақ тілек тіледік,
Бір Алладан жазбасқа!
Пәлен жыл өтіп кетсе де
Пәленің ошағын қазбасқа.
Сонда да
шындық айтылмай
Сайтанның сөзі сарқылмай
Сандырақ-сайқал боп жатса,
Құдайсынғанның алдында
Сөз – басқа!
- Отызға жетпей,
Ордаға кірдім Оғландай!
Еліме сендім,
Мен, сол - Ерге де сендім, ойланбай...
Бел менен белбеу сынға түсетін шағында
Жалт беріп кеткен достарым да көп сор маңдай.
Отыздан асып,
қырықта қамал алғанда
Сақсындым неге,
Сақсындым неге,
алдымда қазулы ор бардай?!.
- Ор, ор жатты ор жатты,
Орда қалың сор жатты.
Алағай да бұлағай, бұл заман
Еліне Ерін қорлатты!
Жанымызға біздің - сол батты!
- Кірлемеген жағам жатты жыртылып,
Түсінбеді оны жұрт ұғып.
Жас сәбидей арманым қалды бұлқынып,
Алқынып, Айға ұмтылып.
Түбірімді енді нықтаймын – деп ем, Түркілік
Рухымды менің көрсетті неге түрпі ғып?!
Уа, Қазағым,
Елге де нұры түсетін,
Жерге де нұры түсетін,
Көрге де нұры түсетін,
Көгіңе Алтын Күн шығып,
Басталсын, қайта тіршілік!
- Құнанында аламанға қосқан ұл,
Қазір,
алты жасар Құладай.
Енді, оған – дұшпан да бір, дос та бір,
...Құзырыңа ал, Құдай-ай!..
- Бәйтеректі жырлап ем,
Іші қуыс екен,
Тоңқ-тоңқ еткен Тораңғымен туыс екен.
Самұрықты жырлап ем,
Жұмыртқасы шірік екен,
Тұрған жері мүңкіген бүлік екен.
Пырағымды жырлап ем,
Белі бел емес, бел емес екен
Белдеудегі Бесті айғырға тең емес екен.
Қыранымды жырлап ем,
Жемі тышқан екен,
Қартайғанда несіне ұшқан екен.
Ақиқатты жырламауға,
ақындардың қақысы жоқ,
Бірақ менің шындығыма,
МЫНА өтіріктің қатысы жоқ!
Тағы өтірік басталды...
- Сенің армандарыңмен бірге,
Алаштың алдында, алтын бақ тұрсын.
Қияға көтерілген Қырандай, қарқындап тұрсын.
Бұрын сен, қынабында қалғыған қылыштай едің,
Ал, қазір алдаспандай жарқылдап тұрсың.
Жарқылда!
- Ол сенің досың ба?
- Досым!
- Шын досың ба?
-Жан досым
- Өте дұрыс,
Сен – бізсіз,
ешқайда кете алмайсың аспандап,
Бүгіннен бастап, жаңа өмірің басталмақ.
Жаңағы, жан досыңның иығы -
Сені билікке апаратын баспалдақ.
Түсіндің бе?
Өс, өрле, биікте,
Адал дос бол, билікке,
Мынау, сенің жаңа формаң...
(көзілдірік тағады, плащ кигізеді)
-Жоқ, мен ондай арсыздыққа бара алмаймын.
-Көкеңнің бұйрығы - саған күйіс қайтару емес.
Бұйрық - талқыланбайды.
- Құбылып тұрған заман бар,
Құбылғаннан келер залал бар.
Аңнан да жаман боп кетті,
Біздің қоғамдағы адамдар.
Адаспаңдар,
Таласпаңдар тақ үшін,
Менің Көкем біледі,
Өзінің жасап жатқан әр ісін,
Тарғыл мысық – деп, ойламаңдар,
Азияның барысын!
Болмайды,
ескі жараның аузын тырнауға,
Ескіліктің бәрі жолымызды, біздің шырмауда.
- Тағдырдың да түбі тесік шелегі,
Алдауменен, арбауменен келеді,
Мына жарық дүниеге сұп-сұлу,
Неге бәрі сенеді?
- Сенетіні, себебі:
Пенденің көзі - көр, еді,
Жүрегінде жатыр ғой
Тұңғиықтың тереңі.
Сол тұңғиыққа түскен жан
Тұншығады, өледі.
Өлместің күнін кешсем деп,
Бағлан боп, бай боп өтсем деп,
Мына пенделердің барлығы
Өздерін сөйтіп жеңеді.
- Сен Көкеңе құлдық ұрдың,
Көкексің.
Мына қоғамның алдында мұң құбылдың
Әтексің.
Төрге ілген мықтылар бар
Шұлғауы менен шәркейін,
Сол мықтылардың алдында
Өлермен болдың ғой, қайтейін.
Мен де аңқылдақ достың ақ сырласымын,
Басына қонар бақ құрдасымын,
Сені бөлек, мені бөлек жаратқанымен,
Мен - анау Көкеңнің тапсырмасымын...
- Бері шаптым, ары шаптым,
Бола алмайды- ау, бәрі сәт күн.
Сәтсіздіктің жолы сол ғой,
Қаскөйлерден дәріс аппын.
Сәтсіздіктің соңы мұң боп,
Көрген күнді қарғыс атсын.
Аман-есен әлі жүрмін
Айналамның бәрі сатқын...
- Бір күніңе ұқсамайды бір күнің,
Тірлігіндей жындының,
Бір күніңнен артық шығар бір күнің,
Сол күндерден құнды кім?
Бәрібір де жеңе алмайсың сен мені,
Бит басқандай - бірлігің.
Басып жатыр мұңды мұң,
Ашық жатыр кіндігің!
Жеңеді енді кімді-кім ?!
- Сендер, менің туысымсыңдар,
Жаныма жақын боп жатқандар,
Мақтадан да майда мақпалдар,
Ағасын арсыз боп атқандар,
Інісін жансыз боп сатқандар -
Сендер менің туысымсыңдар!
Туғанымсыңдар о бастан,
Қара жер куә,
Куә ғой тағы сол аспан.
Өмірлеріңе өнеге болсын деуменен
Тағдырларыңа, Мен, Менмін ғой таласқан.
- Көз сатылды, құл болды.
Сөз сатылды, пұл болды.
Сосын сенің қасиетің -
Қадірі жоқ тұл болды.
Енді келіп жазғырасың кімдерді ?
Сен алдандың -
Аманатты арқалаймын деп.
Сен алдандың -
Тұтастығымнан тарқамаймын деп.
Сен алдандың,
Көрме оны
Тағдыр мұңыңнан!
Сен алдандың -
Жалғыздығыңнан...
Жалғыздық нені алдады?
Жеңемін - деді...
Жеңілетінін бейшара неге білмеді.
Шыға алмайсың-ау шырылдап,
шығам - деп сен де,
Төбе түгілі, төр түгіл,
Төбеліме де.
- Өрмекшінің торындай өтірік бар,
Өртеніп қал, өртеніп,
Өкініп қал!
Өктем сөйлеп кетеміз өре тұрып,
Өтірік пен шындықты көре тұрып
«Елім!» - дейміз елжіреп,
«Жерім!» - дейміз желбіреп.
Ұлтым менен жұртым! - дейміз және өтірік.
Мен өтірік айтпаймын ешқашан да,
Айтпашы, айтпашы сен де өтірік!
- Көкемнің уақыты...
- Сатылмаған , сатылмайтын, сатпайтын,
Сол үшін де еш пендеге жақпайтын.
Адасса да айғай, аттан салмай -ақ,
Бір құдайдан басқа ешкімді қақпайтын.
Сенің жалғыздығың-ай.
Менің жалғыздығымдай.
Егер мен періште болсам,
Ажалмен арпалысып нем бар.
- Мен білдім, білдім ғой,
Білген соң өмір сүрдім ғой.
Алты алаш үшін арқырап,
Аламаныңа да кірдім ғой.
Жаяудың шаңы, жалғыздың үні сияқты,
Менің де барар жерім құрдым ғой,
Білдім ғой, бәрін білдім ғой.
- Балқыған күйде бағам жоқ,
Шалқыған күйде шарам жоқ.
Араша түстім Алашқа
Адал боп және адам боп.
Адамдығымды ар қылған,
Азамат едім, амал жоқ.
Амал жоқ...
Мүмкін, арманмын,
Намысын ұстап арланның,
Жүгін көтердім нарлардың,
Тағдыры үшін халқымның
Мен - тасқа да табаны таймас Тарланмын!
Азаттық үшін елімнің
Азуын айға білеген
Анау арланның
Алдында талай алдандым.
- Мен бәріңе сендім ғой,
Сеніп жүріп дегеніңе көндім ғой.
Екі мәрте таққа апарып қойғанда,
Тізгінімді ар-намысқа бердім ғой.
Бердім бәрін,
Көрдің бәрін, ел-жұртым,
Мен сенімен ғана өрмін ғой!
Берекесіз,
Бақ пен таққа таласқан,
Жебірді де жеңдім ғой.
Өйткені, мен өтірікке малданбас,
Өрмекшінің торына да арбалмас,
Ермін ғой!
Есем екі есе кетсе де,
Желкемнен жеті қырсық жетсе де,
Менмін ғой, Менмін ғой.
Өйткені, Қазағым, Мен - сенмін ғой!
Етекте тұрып,
Төбемнен қарағандарға да,
Төбеде тұрып,
Өзін төре санағандарға да,
Пышақтап тіліп кеткендерге де үндемедім ғой.
Құшақтап тұрып, қабырғамды санағандарға да
Өкпем жоқ.
Өйткені, Мен -
Үлкен пышық болсам да , өтетін кезде өткем жоқ.
Өтпедің,
Өйткені, мына ортада сенің жоқ теңің,
Отаның үшін отты едің,
Кешегіні келешекке айналдыра алмай,
Келер күннің шуағын жайландыра алмай,
Жаныңды құрбан қылған кекті едің.
Мен сендермен бірге жердемін,
Жерде жүрген соң,
Кіммін?
Пендемін.
Аспан, тауым арқамда,
Алты Алашты алақаныма алам - деп,
Барымды соған салам - деп,
Өмірге солай келгемін.
Көз жүгіртсем көнеге,
Менің өкінішімнің өзі- өнеге !
Баяны жоқ бақыт емес,
Аяғы жоқ уақыт айтсын, себебін...
- Тек жүрсең, тоқ жүресің,
Сақ жүрсең, көп жүресің.
Сен халқыңа керексің , Алтынбек!
Өзгеден ерексің де бөлексің, Алтынбек!
Сен жүрген жолдың оры менен жары бар.
Нағыз дос қайдан табылар?
Дәл қазір, сенің досың мынау,
Қолыңа қару ал...
Құжаты бар, бәрі бар.
- Иә, қиын боп тұр ғой расында,
Ағаңның болғаны қандай жақсы қасыңда.
Оқ қағар да,
Керек емес қару да!
Мен ондай жендет емеспін ғой,
Менің қаруым – басымда!
Уайымдама, Аға!
- Дұрыс айтасың,
Сен шыныменен бөлексің,
Өз жеріңде, өз еліңде,
Өз Отаның үшін
Керексің!
Әйтпесе,
Сен - өз көлеңкесінен қорқатындардың
қатарынан емессің.
- Би-сұлтанның биттейді,
саудаланса сақалы,
Биттен аман деймісің,
Ханның сырлы шапаны?
- Маған Алтыным керек !
Алтыныммен аспанда шалқуым керек,
Жанұямның бақыты жұмақ болып
Мен де әйел боп шалқуым керек..
Сенің рахатың мен бақытыңды ел көріп,
Мен неге азабыңды тартуым керек.
Айтшы, айтшы...
Білесің бе ?
Сен ешкімге ұқсамайсың
Ешкім, ешкімді елемейсің, құптамайсың
Алаш деп аруақ қолдап арқалансаң,
Жезді алтынға айналдырған ұстадайсың.
Біздің үйде сауысқан шықылықтамайтын еді,
Есік-терезені ашық тастамасаңшы.
- Құдай жазасын береді,
Жаза басса.
Мен адаспауға серт бергем,
Сен де адаспа.
Сен - менің жүрегімнің иесісің,
Соны күзет.
Ал, саясатқа араласпа!
- Батыр - аңғал,
Ер - аңғырт.
Қанықпыз ғой, олардың жайына біз,
Біз - әйелміз,
Ерінің қасындағы
Жақсы менен жаманды айырамыз.
Біз білеміз кімнің кім екенін,
Мық шегедей мықты болшы...
- Жә, жарайды жұмыс көп,
Мен онсыз да, кеш қозғалдым, кешіктім.
Кең сарайдың ішінде жүріп білмеппін,
Қай жағынан ашылатынын есіктің.
Мен танбаймын, арыстар өрлігінен,
Тәуелсізбіз,
Қазір, сәл тоң жібіген,
Шырмауықтай шырматылып жатсадағы,
Алашты адастырмас жолды білем.
Білем, білем,
Білмесем, айтам ба?
Тек, Құдайым,
жолықтыра көрме, мені сайтанға!
- Көкемнің сөзін мен қалай шегелемеспін,
Ойға да көштім,
Қырға да көштім,
Төрде отырамын деп төбеге көштім.
Білем,
Сенің тектілігіңді,
Сен бүкіл қазаққа керексің,
Сол керек болғаның үшін, керек емессің!...
- Сенің Көкең,
Өз халқын емес, өзді - өзін емес,
Өзгелердің қоқан-лоқысын тыңдауда.
Ұшбаққа кімді шағарар дейсің?
Айналасында, оның,
Құзған-ниетті құл-құтандар тұрғанда.
Айналасында періште де жүр,
Жын да жүр.
Құрақ ұшатын, қолын қусырып құл да жүр.
Ал, мен болсам,
Ар жолындағы шындықпын,
Неге олар, мәнсап пен байлық, пұлға - құл ?
Неге, Неге?
- Патша - құдайдың көлеңкесі,
Оған қарсы шығу - зор күнә!
Өзін - ешкім, ешқашан,
Қоя алмайды оның орнына!..
Халық- тобыр,
Оның сойылын соққандардың бәрі - содыр.
- Менің армандарым - қасиетке айналады,
Сендердің, қанды қолдарың - қасіретке айналады.
Мені тізерлеткендер,
Ертең,
тарихтың алдында тізерлейсіңдер!...
жоқтау
- Аққулы айдын көл ме екен-ай
Келбеті көлдің кең бе екен-ай
Көлінде жүзген қоңыр қазды ғой-ой
Көңілге неге шөлдетеді-ой
Үйрексіз қалған көл ме екен-ой
Ері жоқ ел менен тең бе екен-ай
Ері ме ерім қосылсын деп,
Көзімнің жасын көлдетем ма-ой
- Мен жылаймын,
Ел жылайды,
Жер жылайды,
Ал, уақыт соған бола күрсінбейді.
Уақыт, уақыт
Соншалық қатал ма еді?
Толқыса да көңіліңнің қатар көлі,
Сол көлде аққу-қазың қатар жүзген
Аққуын ақылды жан атар ма еді?
Арманда аңыраймыз аһ ұрған боп,
Аһ ұрған жаннан басқа жақын жан жоқ.
Балқысын бойымызда күш-қуат боп,
Ең соңғы арманыңа атылған оқ !
- Қазағым-ау, қамықпа!
Тексіздің бәрі табаныңда қап,
Тұрарсың, мәңгі текті ел боп.
Көсегең әлі көгерер,
Көкбөрі - рухың көктен кеп.
Өйткені, Мен -
Әлгі,.. Ордадан кетсем де
Ортаңнан әлі кеткем жоқ!
Эпилог:
- Біздерде әлі, нарлар көп,
Алға ұмтылар ерлер де көп, арлан боп.
Тағдырымның жолында әлі, тарлау көп.
Ар-жүгімнің алдында әлі, зарлау көп.
Әйтсе де,
Алаш – дейтін рух үшін,
Қазақ – дейтін ұлт үшін,
Боқ құшақтап, қалғандардың қасында
Оқ құшақтап кеткендерде арман жоқ!!!