Әлеуметтік желілердің дамуымен адамдар әлеуметтік желіде өз білімін аудиторияға ақылы тауар ретінде сата алатын болды. Бұл үрдіс инфобизнес деп аталатын жаңа іскерлік түрін кең танымал етті. Бұл жаңа жұмыс түрі соңғы жылдары елімізде де қарқынды дамып жатқаны белгілі. Ас әзірлеуді, видео, аудио немесе жазбаша контент дайындауды, тіпті аудиторияға еркін сөйлей білуді үйрететін инфобизнесмендер табысты бизнес өкілдері есептеле бастады. Бұлардың қатарында көпшілік аудиторияға психологияға қатысты кеңестер беретін психоаналитик, психолог немесе мотиватор сынды тренттік инфобизнес түрлері де бар. Адамның жандүниесі, отбасылық мәселелер, адамдар ара қарым-қатынас секілді аса нәзік тақырыптарды қозғайтын бұндай инфобизнес өкілдерінің кәсіби біліктілігіне қатысты даулы пікірталастар да көп, соған қарамастан кең аудиторияға ие.

Әдетте аталмыш психоаналитиктер, психолог, мотиваторлар дерліктей өзінен кеңес сұраған жеке тұлғаларға медитация туралы көбірек дәріптеп жатады. Медитация былайғы кезде жеке тұлғаның психикасына елеулі көмек беретін дағды ретінде қарастырылып келеді. Айталық, медитация жасау арқылы адам сабырлы болуға, концентрациясын нығайтуға, есте сақтау қабілетін жақсартуға, икемді ойлауға дағдыландыратыны айтылады. Әрине, дұрыс жасалған медитация адамдардың психологиялық күйін тұрақтандыруға көмегінің болатынын тәжрибелер көрсеткен. Алайда, соңғы зерттеулер нәтижесінде медитациямен айналысу біртіндеп адамдардың өзімшілдігі мен эгоистік сипатын күшейтіп жіберуі мүмкін екені дәлелденді.

Медитация сынды көңіл-күйді тыныштандыратын жаттығулар адамдарға көптеген пайдалы мүмкіндіктермен қатары, салмақты зияндарды да ала келеді. Нью-Йорк Мемлекеттік университетінің психология бойынща доценті Майкл Пул жүргізді зерттеу нәтижесіне осыған тұрақтаған. Былайша айтқанда, медитация адамды өзінің ішкі көңіл-күйімен көбірек алаңдатып, айналасындағы адамдардың қалауы, олардың көңіл-күйі туралы ойлануға көңіл бұрмайтын етеді. Майкл Пул өз зерттеуін ес жинау үшін ұдайы медитациямен айналысқан көптеген адамдардың өмірлік ұстанымдары, құндылықтары және мәдени контекстіндегі байланыстарды салыстыру арқылы жүргізген.

Майкл Пул өз зерттеуіндегі 366 адамның өздерін сипаттауын «өзара тәуелді көзқарастағы» және «дербес көзқарастағы» сипаттау деп екігі жіктей отырып жүргізеді. Алдынғылар өзін сипаттап беру туралы тапсырма берілсе «екі баланың әкесімін», «отбасылы адаммын», «алты баланың атасы/ әжесімін» деген секілді қандай да бір тұлғаларға байланысты сипаттайды. Ал «дербес көзқарастағылар» көбіне өзінің жетістігін, білім деңгейін көбірек сөз етеді. Ал, осы топтың біріне терең медитация тапсырмасы, екіншісіне жай демалыс тапсырмасы берілген. Кейіннен осы тұлғалардың қоғамдық іс-қимылдарға, қиыншылығы барларға көмек беруге деген ынта-жігерлерін анықтайтын сауалнама берілген. Нәтижесінде медитацияның эффекті біртіндеп адамдардың өзімшілідігін күшейтетінін көрсеткен.

Әрине, бұл келтірілген дәйек медитацияны толықтай теріске шығармайды. Дегенмен, қазір әлеумет пен индивид арасында көптеген даулы мәселелердің біздің қоғамдағы кейбір тұтас әлеуметтік тақырыптардың тамыры екені анық. Глобализация, ашық қоғам, сөз еркіндігі мен демократия құндылықтарына қоса түрлі ағымдар, көзқарастар біздің қоғамда дәстүр мен түрлі жаңа дағдылар ортасындағы үлкен күрестерге жол ашты. Әрине, мемлекеттік идеологияның әлсіздігі мен әлеуметтік сауаттылық деңгейне байланысты біздің қоғамда дәстүрлі дүниетанымдар мен тәжірибелер көп жағдайда жаңашлық көзқарастарға жол беріп жатқаны да байқалады. Бұл толықтай дәстүрлі көзқарасты ғана біржақтылы жақтау емес, соның өзінде тұтас қоғамда ұзақ мерзімді дәстүрдің, дәстүрлі дүниетаным мен пайымның құлатылуы мыңдаған маргиналды топтарды қалыптастырып, нәтижесін тұрақтылыққа, өзара жарасымды өмір салттарына қауіп төндірері анық.

Мұрат Алтынай

The Qazaq Times