Украинадағы соғыс Қытайдың Еуропамен сауда желісіне үлкен қауіп төндірді. Себебі, Еуропаға жететін сауда теміржол желілерінің басым көбі Ресейден өтеді. Бұл соғыс тіпті Қытайдың Еуропаға дейінгі елдердің инфрақұрылымын қаржыландыруды, сол арқылы белсенді сауда желісін қалыптастыруды көздейтін «Бір белдеу, бір жол» жобасының болашағы туралы да күдікті күшейтті. Сорнымен, қаузап көрелік, Украина соғысы Қытайдың Еуропамен сауда қатынасына қаншалық әсер етіп жатыр?
Теміржол – Қытай экспортының маңызды саласының бірі. Қытай-Еуропа арасында Қазақстан, Ресей, Беларусь, Польша, Германия, Чехия, Франция және Испанияны қамтып жатқан 73 теміржол желісі бар. Қытай кеден қызметінің ресми мәліметіне сай, осы желілермен биыл жылдың алғашқы тоқсанында жүк пойыздары 3630 рейс жасаған.
Соңғы жылдары АҚШ пен оның Үнді-Тынық мұхит аймағындағы одақтастары Қытайдың аталған маймақтағы күшейіп келе жатқан ықпалына қарсы тосқауыл шараларын жасады. Маңызды сауда-транзиттік жолы саналатын Оңтүстік Қытай теңізіндегі территория дауына байланысты тасымал жиілігі төмендеді. Бұл Қытайдың құрлықтық сауда желісіне деген тәуелділігін арттырды. Еуропаға дейінгі теміржол Қытай экспорты үшін маңызды желі, Еуропадан да кейбір экспорттық тауарлар осы желі арқылы Қытайға кіреді.
Ал, соғысқа байланысты Еуропа елдері Ресейді оқшаулау саясатын жалғастыратын болса, бұл рейстер саны кемінде екі есеге дейін қысқарып кетуі мүмкін. Бұл Қытай-Еуропа арасындағы сауда байланысын қадағалаған эксперттердің болжамы.
«Бір белдеу, бір жол» – қазіргі әлемнің ең ірі инфрақұрылымдық жобасы, ауқымы Азия, Еуропа және Африканың бірқатар елдерін қамтиды. Қытай өзінің ұзақ мерзімдік даму стратегиясы тұрғысынан аталмыш ірі жобаны жүзеге асыруға мейлінше мүдделі. Пандемия шырмаған былтырғы жылдың өзінде Қытай аталмыш ірі жобасына 60 миллиард АҚШ долларына жуық инвестиция салды. Ал, жоба алғаш жолға қойылғаннан тартып 800 миллиард дорллар көлемінде қаржы салынды.
Соғыс басталудан бұрын Қытай мен Франция Африкада, Оңтүстік-Шығыс Азияда және Шығыс Еуропада құны 1,7 миллиард доллар тұратын инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға келіскен болатын. Қазір, сарапшылар бұл жобаның да жүзеге асуына күмәнмен қарай бастады. Себебі, Батыс елдерінде Қытайды Украиндағы соғыста Ресейдің астыртын қолдаушысы ретінде қарастыру барған сайын күшейіп келеді. Соғыс қаупіне байланысты Ресейге деген Еуропаның ашу-ызасы Қытайға да ауып кетуі мүмкін деп санайды.
Көптеген сарапшылардың пікірін ортақтастырсақ мынадай жиынтық шығады: Украинадағы соғыс тез арада ақырласқан күнде де бұндағы күйреген сауда желісін бірден қалпына келтіруге Қытай да, Украинада мүдделі бола қоюы екіталай. Қытай соғыс өртеңіндегі және экономикасының 40 пайызын жоғалтқан (Дүниежүзілік Банк есебінше) жоғалтқан елге инвестиция салуға ниетті бола қоймайды.