Апта басы, 15 қарашада Ақтөбе өңірінің шаруалары митингіге шықты. Санкцияланған митингте ауыл шаруашылығы мәселелері көтерілді. Оған тек ақтөбелік фермерлер ғана емес, бірнеше облыстың шаруалары қатысты.
Жергілікті әкімдік рұқсатымен, Ақтөбе фермерлерінің қауымдастығы ұйымдастыруымен өткен наразылық акциясына жүз шақты адам жиналды. Олардың арасында Қарағанды мен Батыс Қазақстан облысының фермерлері де болды.
«Бізде судың жайы қиын. Қуаңшылықтан мал шығыны көп болды. Өзімнің 17 бас ірі қарам арам өлді. Мал ішетін суды айтпағанның өзінде кей ауылдарда ауыз су да жоқ. Халық суды өзеннен ішіп отыр», - дейді Жаңақала (БҚО) ауданынан келген Талғат Бәйкенов Азаттық радиосының тілшісіне айтқан сөзінде.
Азаттықтың жазуынша, фермер Арман Әшімовт биыл «Қарағанды облысында дала өрті көп болып, шаруалар жайылым мен шабындықсыз қалған». Қарағандылық фермерлер мемлекет қолдауына зәру.
«Жем-шөп субсидиясы әр аймақта әртүрлі төленеді. Ақтөбеде ірі қараға 30 мың, Қарағандыда 5 мың теңгеден берілді. Ауыл шаруашылығы министрлігі о баста ірі қараға 30 мың, жылқыға 25 мың теңге, қойға 5 мың теңге беріледі деген болатын. Облыстан субсидия сұрасаң "бізде ақша жоқ, министрлік ақша бөлмейді" дейді. Министрлік облысқа сілтейді. Осылайша фермерлерді дал қылып қояды. Шаруалардың наразылығынан соң Қарағанды облысында биыл 200 миллион теңге субсидия бөлінді. Бұл тым аз. Осы себепті ірі қараға 5 мың теңгеден беріліп жатыр. Оның өзін қуаңшылықтан зардап шегіп отырған шаруа қожалықтары ғана алды», - дейді ол.
Ресми рұқсат берілген митинг қатысушылары Ауыл шаруашылығы министрлігіне 30 талаптан тұратын ашық уәжнамасын жолдады. Оның ішінде «субсидия мәселесінен өзге жер құнарын арттыру туралы арнайы бағдарлама қабылдау қажеттігі, дала өртімен күресу үшін арнайы техника бөлу» сияқты талаптар бар.
Фермерлер наразылығын әдеттегідей әкімдік өкілдері сырттай бақылап тұрған. Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілі Панабек Бимұратов фермерлер қойған талаптар «ішінара орынды» деп санайды. Оның айтуынша, тек мал өсірушілерді қолдау үшін биыл облыс бюджетінен 14 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген.
Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, Ақтөбе облысында сегіз мыңға жуық шаруа қожалығы бар. Оның 80%-ы мал шаруашылығымен айналысады.
Қазақстанда ауыл шаруашылығы мәселе әбден қордаланған, басынан бұлт арылмайтын, «жемқорлық жайлаған», көлеңкелі тұсы басым, механизмі кешенді емес, шиеленіскен саланың бірі әрі бірегейі. Мұны кейінгі жылдары ресми билік пен шаруалар қауымдастығы тарапынан жасалған қатаң сын-талаптардан байқауға болады. Жүйелі мәселелердің «пісіп-жетілгені, қатаяғаны» соншалық биыл бірнеше облыста қуаңшылық жайлағанда алдын-алу шарасы, болжау және қолдау жұмысы тұралап, баяу жүргізілді. Осы уақыт аралығында жүздеген шаруа жапа шегіп, малынан айырылды. Президент Тоқаев жазда Үкіметтің сылбырлығын сынап, бұрынғы министр Сапархан Омаровты отставкаға да жіберген. Бірақ сарапшылар мен шаруалар одан бері ахуал айтарлықтай өзгере қоймағанын айтады.