22 наурыздағы жағдай бойынша, елде індет жұқтырған 60 жағдай белгілі болды.
- Алматы қаласында – 25 адам;
- Астанада – 31 адам;
- Қарағанды қаласында – 2 адам;
- Алматы облысында – 1 адам;
- Ақтөбе облысында – 1 адам.
Осылайша, Қазақстанда коронавирус табылған алғашқы он күнде 60 науқас тіркеліп, мыңдаған адам аурухана-үй карантиніне алынды.
Наурыз мейрамы қарсаңында, 21-і күні президент індетке қарсы күрес жұмысын үйлестіру орталығына барып, «алдыңғы мәлімдеменің орнын толтырғандай» болып пікір білдірді. Ол «халық әлі толық ақпарат ала алмай отырғанын» айтып, нақты ақпарат платформасын дайындауды тапсырды. Сондай-ақ бетперде таққан Тоқаев барлық қаланың басты даңғыл-көшелерінде «тегін маса таратуға» уәде берді.
– Бізде әлі күнге дейін тиісті көлемде бетперденің тапшы екенін атап айтқым келеді. Бірақ қағаз жүзінде бәрі жеткілікті. Бір жағынан халық дәріханаларда бетперденің әлі де жоқтығын айтып шағымдануда. Неге? Бұл алыпсатарлық деп ойлаймын, – деді ел басшысы.
«Бүгін бүкіл әлемнің және оның экономикасының тағдыры ғалымдардың қолында. Бұл артық айтқандық емес. Қазір дүние жүзінің тағдырын футболшылар, шоу-бизнес өкілдері емес, ғалымдар шешеді. Біз осы жағдайдан сабақ алуымыз қажет», – деген президент ойының қоғамдық-саяси санаға әлдебір әсері болар-болмасы әзірге белгісіз. «Вакцинаны неге ертерек жасап шығармайды» деп даурыққан қоғам пен саясаткерлер ғылымға күні түскенге дейін ғалымның қадірін біліп пе, «әлемді құтқарушыларға» алдын-ала жағдай жасап па екен?
Уақыты | Науқастар саны |
13 наурыз (жұма) | 4 |
14 наурыз (сенбі) | 2 |
15 наурыз (жексенбі) | 3 |
16 наурыз (дүйсенбі) | 1 |
17 наурыз (сейсенбі) | 23 |
18 наурыз (сәрсенбі) | 3 |
19 наурыз (бейсенбі) | 8 |
20 наурыз (жұма) | 8 |
21 наурыз (сенбі) | 2 |
22 наурыз (жексенбі) | 6 |