Астанадан басталған Ұлы дала асары Түркістанда жалғаспақ. Жаңа облыс орталығына кім, не сыйлайтын болды?
Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы алып компаниялар мен холдинг иелеріне Түркістан қаласына жаңа ғимараттар салып беруді тапсырды. Президенттің тапсырысы бойынша, Александр Беловичтің басқаруындағы «Базис-А» компаниясы жаңа облыс орталығына театр, миллиардер Патох Шодиевтың «ERG» компаниясы түркі халықтарының мұражайын, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы заманауи стадион, «BI Group» компаниясы қазақ хандары, билері және батырларына арналған орталық, «Қазақстан темір жолы» жастар сарайын, «KEGOC» акционерлік қоғамы Қожа Ахмет Яссауиге арналған мини музей, стол теннисі федерациясының башысы Данияр Әбілғазин су спорты кешенін, Astana Group компаниясы автосалон сыйлайтын болды. Бір сөзбен айтқанда түркі дүниесінің орталығы саналатын Түркістан қаласын қазақстандық миллиардерлер асарлатып жүріп Астана деңгейіне жеткізбесе де, заманауи қала дәрежесіне жеткізбек. Астана демекші, осы тұста елордамыздың 20 жылдық мерей тойына 14 облыстың не сыйлағанын айта кеткен жөн шығар.
Естеріңізде болса, шілде айының 6 күні Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнімен тұспа-тұс келген Астана қаласының 20 жылдық мерей тойына Қызылорда облысы ғарыштық технологиялар музейін (1,5 млрд теңге), Алматы қаласы 250 орындық балабақша (1,084 млрд теңге), Шығыс Қазақстан облысы музыкалық фонтан (1,082 млрд теңге), Ақтөбе облысы «Бейбітшілік қабырғасын» (1 млрд теңге) сыйға тартқан. Бұл құны 1 миллиард теңгеден астқан сыйлықтардың бір сыпырасы ғана. Негізінде Астананың бұл жолғы туған күніне 14 облыс 6 миллиард теңге қаржы жұмсаған.