Жаһандық климат мәселесін талқылап жатқан COP26 саммитінде 196 мемлекет пен халықаралық ұйым көмір пайдаланудан бас тартуға уәде берді. Олардың арасында 40 мемлекет көмір пайдалануды тоқтату бойынша міндеттеме алса, 18 мемлекет көмір арқылы энергия алуға инвестицияны тоқтату бойынша келісімге қол қойды.

Көмір арқылы алынан энергияны инвестициялауды тоқтату келісіміне Польша, Чили және Вьетнам секілді энергия өндірісінде көмірді біршама көбірек пайдаланатын елдерде бар. Алайда, бұл салада көмір ең көп пайдаланатын Аустралия, АҚШ, Қытай және Үндістан секілді елдер келісімге қол қоймады.

Британ үкіметінің мәлімдемесіне қарағанда, дамыған елдер 2030 жылы біртіндеп көмірден бас тартуға, ал дамушы елдер 2040 жылы осындай міндетті орындауға келіскен.

«Әлем дұрыс бағытқа бара жатыр, көмірдің тағдыры шешілу алдында тұр. Таза энергияға сүйенген болашақ құру үшін экологиялық және экономикалық артықшылықтарды пайдаланатын боламыз», – деді Британның бизнес және энергетика министрі Кваси Квартен.

Аталымыш, COP26 саммитінің ауанынан байқағанымыздай, болашақта Батыстың дамыған елдері бас болып қазып алынатын энергия көздерінен толықтай бас тартуға алып келмек. Бұл дегеніміз біртіндеп мұнай мен табиғи газдан бас тарту бастамаларының кезек күтіп тұрғанын көрсетеді.

Жыл басында Британ жеріндегі көмір арқылы электр энергиясын өндіретін соңғы стация жойылды. Бұл тарихи оқиғаны біздің қоғам онша елеп ескерген жоқ. Қазір, байқап отырғанымыздай, Британия жасыл энергияға өту бойынша көш бастап тұр. Жел, күн, теңіз және өзен көп суларынан электр энергиясын өндіруге ағылшын мемлекеті жыл сайын инвестицияны арттырып келеді. Бұл экономикасы мұнайға, қаржы саласы Ресей секілді әлімжеттікке үйренген көршіге байланған Қазақстан үшін дабыл болып қағылып отыр.

The Qazaq Times