Өткен бейсенбіде Польша Коституциялық соты «ішкі заң ЕО заңдарынан жоғары тұрады» деген шешім шығарды. Бұл елдегі Еуропа бірлігін қалайтын польшалықтар мен қатар Еуропалық Одақ өкілдерін де алаңдатты. Себебі, олар Польша Жоғары сотының шешімі ЕО блогына «ыдырау қаупін төндіреді» деп санайды. Апта соңында Польшаның ЕО мүшелігін қолдаушы азаматтардың наразылық шаралары бүкіл ел көлемінде өтті.
Жексенбі күні Варшавада өткен Польшаның ЕО мүшелігін қолдаушылардың наразылық шарасына шамамен 100 мың адам қатысты. Тіпті, наразылық шарасында елдің және ЕО-ның бұрынғы лауазымды тұлғалары да болды. Олар қазіргі Польша билігі елді Еуропа Одағынан алыстатуға әрекет етіп жатыр деп сындады.
ЕО өкілдері Еуроодақ заңдарының құқықтық басымдығы – еуропалық интеграцияның негізгі тірегі деп санайды. Айталық, Чехияның ЕО-дағы комиссары Вера Журова дүйсенбідегі (11 қазан) мәлімдемесінде: «Егер біз бүкіл Еуропада бірдей құрметтелетін «ЕО-да теңдік» принципін сақтамасақ, бүкіл Еуропа ыдырай бастайды», – деген ойын айтқан.
ЕО Әділет комиссиясының мүшелері ақпарат құралдарына берген жауабында, Еуропалық сот тарабынан Польшаның бұл әрекетіне қарсы жауап берілетіні айтылған. Онда тіпті күнделікті қаржылық санкциялар да салынуы мүмкін екен, айталық Польша тарабы ЕО-ның құқықтық басымдығын мойындағанға дейін күніне 1 млн АҚШ доллары көлеміндегі санкция салынуы мүмкін.
Польша премьер-министрі Матеуш Моравецкий бұл тақырыпты Польша Жоғары сотының қарауына наурыз айында берген болатын. Шілдеде Моравецкий ЕО сотының екі шешімін орындаудан бас тартты. Еуропалық сот болса Польша үкіметін сот төрелігіне араласты деп айыптған болатын. Премьер-министр Моравецский бұны жоққа шығарып, Польшаның одақтан шығуға ұмтылмайтынын айтқан еді.
Польша Жоғары сотының шешімін қолдаушылар да наразылық шараларын өткізіп, Польшаның ЕО шешіміне қарсы шығуға құқығы бар деп ұрандатты. Олар өз еліне ЕО тарабынан құқықтық араласуды айыптайды.
Варшавадағы Еуропалық сыртқы қатынастар жөніндегі кеңестің сарапшысы Пиотр Бурас «Америка дауысының» журналисіне берген пікірінде: «Брюссельде болсын немесе Еуропадағы көптеген елдерде ЕО-ның Польшаға қарсы қысымы оны одақтан бас тартуға итермелей ме деген алаңдаушылық бар. Менің ойымша бұл – тұзақ. Шын мәнісінде «Поляк Брекситінің» қаупі асыра көрсетілген. Польшаның 80 пайыздан астам халқы Еуроодаққа мүше болуды қолдаушылар. Польша ішкі нарыққа, сондай-ақ ЕО қаражатына, оның ішінде қалпына келтіру (COVID-19 пандемиясынан) қорларына сүйенеді», – деген. Яғни, оның айтуынша Польша бұл әрекет арқылы ЕО-дан қол үзуді қаламайды.
Еуропа Одағының COVID-19 пандемиясынан қалпына келтіру қорының қаражаты 66 миллиард долларды құрайды. Еуропалық Одақ Польша сот жүйесіне өзгеріс енгізбесе, осы қорды ұстаймыз деп қорқытты. Жалпы ЕО мен оның құрамындағы кейбір елдер арасында заң үстемдігі, баспасөз бостандығы және азшылықтың құқықтары бойынша мұндай қайшылық болып тұрады. Айталық, Польша, Венгрия сияқты бірқатар елдердің одаққа өкпелі болғна кездері көп.
«Негізінде, қазіргі кезде біздің күресіміздің басты бағыты басқа, – дейді Пиотр Бурас: – Яғни, популистік немесе авторитарлық үкімет Еуропалық Одақтың іргетасын шайқауға әкелетін еуропалық стандарттар мен еуропалық заңдарды елемеуге мүмкіндік беретін әрекеттерге барды. Ендігі мәселе ЕО бұған жол бере ме, жоқ па дегенде».
Шынында, Польша билігі ЕО іргесін шайқалтатын қадам жасағаны рас. Бірақ, ЕО тарабынан жасалатын қысым да ескерілуі керек. Алдағы уақытта Польша билігі одақтық ортақ принцптеріне бағынғысы келмесе ауыр жазалары да жоқ емес, Еуропалық Комиссия оны ескертіп те қойды. Дегенмен, Польша үкіметі өзінің «қателігін» түзеуге ниетті екенін де байқатып жатыр.