Астана әкімшілік соты Қытай билігі шекарада ұстаған Қазақстан азаматы саналатын бауырын іздеп, елодадағы ҚХР елшілігі алдына барған Гаухар Құрманалиеваға 30 айлық есептік көрсеткіш (87,5 мың теңге немесе 206 доллар) көлемінде айыппұл салғаны хабарланды. Азаттық радиосының ақпаратынша, он шақты наразы полицияның Қазақстан азаматтары мен қандастардың мүддесіне болысудың орнына, керісінше сөз еркіндігін шектеуіне келіспейтінін білдіріп, талаптарын айтқан.
Қалалық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруды талап етіп, ұсталған он адамның қалғанына үкім бүгін шығуы мүмкін.
1,3 мың күннен бері бауырын іздеп, хабар-ошарын білуге талпынған күресінен еш нәтиже көрмеген Гаухар Құрманалиеваға «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу» бабы (488-бап, 6-бөлім) бойынша айып тағылған. Ол бұған дейін ақпарат құралдарына 4 жыл бұрын Қазақстан-Қытай шекарасындағы «Қорғас» арнайы экономикалық аймағында Қытай билік өкілдерінің бауыры, Қазақстан азаматы Асқар Азатбекті ұстап әкеткенін айтқан.
24 қыркүйекте, жұма күні сот онлайн өткен. Жауапкер оған WhatsApp желісі арқылы қатысқан. Істі судья Қанат Иманалиев жүргізген.
23 қыркүйекте полиция астанадағы Қытай елшілігі алдында туыстарын елге қайтаруды талап еткен он адамды ұстап, түнгі сағат 12-ге қарай босатқан. Оларға полицияға шақырту тапсырылған. Жұма күні наразылар күндіз полиция ғимараты алдында да талаптарын айтты.
Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруды талап етіп жүргендер наразылық акцияларын Алматы қаласында бастаған. Олар 220 күн бойы Алматыдағы Қытай консулдығына барып, Бейжіңнен Шыңжаңдағы туыстарын Қазақстанға жіберуді талап еткен. Наразылар үш апта консулдық алдында түнеген еді. Олардың айтуынша, жеті айдан астам уақытқа созылған акция барысында Қытай консулдығынан бірде-бір адам шығып, жауап бермеген. Олар бұған дейін Алматыда да әкімшілік жауапқа тартылған.
БҰҰ есебінше, Қытай Шыңжаңда лагерьлер ашып миллионға жуық ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарды жазықсыз қамаған. Батыс елдері Бейжіңнің Шыңжаңдағы әрекетін «геноцид» деп таныған. Қытай билігі бұл айыптарды жоққа шығарып келеді.
Қазақстан билігі қысым-қудалауға түскен қандастардың жағдайы туралы туыстарының (Қазақстан азаматы саналатын – QT) жүздеген арызына қарамастан мұны «Қытайдың ішкі шаруасы» деп санайды. Тәуелсіз сарапшылар мұны «Еститін Үкіметтің» (Қазақстанның – QT) экономикалық-инвестициялық мүддені қандастар өмір-құқығынан жоғары қойғанын аңғартады деп топшылайды.