1 шілдеде таңертең Алматы полициясы Қытай консулдығы алдындағы пикетті түсіріп жүрген белсенді Байболат Күнболатұлын үйінен ұстап әкетті. Бұл туралы белсендінің әйелі Бақыт Сембайқызының ақпаратына сүйенген Азаттық радиосы хабарлады.
Азаттықтың жазуынша, Күнболатұлының анасы Зауатхан Тұрсын, "Нағыз Атажұрт еріктілері" ұйымының жетекшісі Бекзат Мақсұтхан да ұсталған.
Белсенді Кұнболатұлының әйелі Бақыт Сембайқызының Азаттыққа айтуына қарағанда, полиция қызметкерлері ұстау кезінде "өзі мен күйеуіне күш қолданған". Қытайда қамалған інісіне араша сұраған белсенді Байболат Күнболатұлы 29 маусымда 8 күндік әкімшілік қамаудан босап шыққан болатын.
Ақпаратқа қарағанда, Байболат Күнболатұлы мен анасын Наурызбай ауданының полиция бөлімшесіне алып кетуі мүмкін. Сағат 10 жарым шамасында ол жаққа Байболат Күнболатұлының әйелі екі баласымен барды. Оны полициядағылар ішке кіргізді. Ал журналистерді кіргізбеді. Полиция оқиғаға әзірге түсініктеме берген жоқ.
Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында пикеттердің өтіп жүргеніне 140 күннен асты. Наразылар Қытай билігінен Шыңжаңда "жазықтан-жазықсыз" қамалған жақындарын босатуды талап етеді. Әлі күнге дейін консулдықтан наразылардың алдына ешкім шыққан жоқ.
Сәуір айында Қытайдың Қазақстандағы елшісі Шыңжаңда қамалғандардың "Қытай азаматы" екенін және олардың "Қытай заңын бұзғанын" айтқан. Қазақстан сыртқы істер министрлігі "өзге елдің ішкі ісіне араласа алмайтынын" айтып келеді.