Азаматтар ауа сапасының нашарлауына байланысты жиі шағынатын Атырау облысында былтыр ірі үш компания ауаға 120 мың тоннадан аса ластаушы заттар шығарған. Ал бұл экологияны жақсартуға әкімдік пен үкімет ондаған миллиард қаржы жұмсамақ.
Жұма күні, 18 маусым ОртКом алаңында халық алдында есеп берген Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов өңірде жылына орта есеппен 150 мың тонна ауа ластайтын қалдықтар бөлінетінін мәлімдеді. Әкім QT тілшісінің сұрағына берген жауабында экоауаны ластаушы ең ірі үш компанияны атады.
«Өңірімізде өндіріс дамығандықтан, ауаны ластаушылар да болады. Олардың 87%-ын Теңізшевройл, NСОС, Атырау мұнай өңдеу зауыты қалыптастырады. Жалпы лас әрі ластаушы шығарынды көлемі 2019 жылы 165 мың тонна болса, 2020 жылы бұл 150 мың тоннаға кеміді. Биыл жүргізілген мониторинг қорытындысына сәйкес, мамыр айында қалада 68 (оның 4-еуі экстремалды) тіркелсе, маусым айында 28 жоғары ластану көрсеткіштері тіркелді. Олардың басым көпшілігі Қарабатан зауыты мен «Тухлая балка» булану алаңынан. Бірақ жоғары болғанымен, өте қатерлі-апаттық деңгейде емес», – деді ол.
Бір ғана Атырау мұнай өңдеу зауытының атмосфералық ауаға ластаушы заттар шығарындыларының көлемі 2019 жылы – 9,6 мың тонна, ал 2020 жылы – 11,7 мың тоннаға артқан. Досмұхамбетов мұның себебін былтыр зауытты жаңғырту барысында Мұнайды терең өңдеу кешенінің іске қосылуымен түсіндірді. Әкімдік дерегінше, экология департаменті зауытпен бірге былтыр 4 мәрте, биылға 2 рет тексеріс жүргізген.
Сонымен қоса, жоғарыда аталған мәселелерді шешу мақсатында былтыр қыркүйекте облыс әкімдігі мен экология министрлігі бірлесе отырып, өңірдің өзекті экологиялық проблемаларын шешу жөнінде 7 бағыт бойынша 40 тармақтан тұратын Жол картасын қабылдаған.
- Атмосфераға ластаушы заттар эмиссиясын қысқарту;
- Көгалдандыру;
- Қалдықтарды басқару саласы;
- Су ресурстарын реттеу;
- Автокөлік шығарындыларын азайту;
- Жер ресурстарын қорғау;
- Экологиялық мәдениетті арттыру.
Аймақ басшысының айтуынша, дәл осы жобаны іске асыруға 31 млрд теңге қаржы қарастырылған. Досмұхамбетов әр бағыт бойынша бөлінген қаржы көлемі туралы толығырақ ақпарат ұсынуға уәде берді.
«Жол картасында атқарылатын шаралар бойынша қаражат көздері (республикалық немесе облыстық бюджеттен) белгіленбеген. Алайда онда жоспарланған ауқымды қаражат көздерін талап ететін шаралардың барлығы 2021 жылғы мамыр айында қабылданған Атырау облысын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарына енгізілген Экология саласы бойынша 20 іс-шара жоспарланған.
Бұл шараларға алдағы бес жыл ішінде қарастырылған қаржы:
- республикалық бюджеттен – 27,5 млрд.теңге;
- жергілікті бюджеттен – 4,5 млрд.теңге;
- инвесторлар есебінен – 9,4 млрд.теңге
(Атырау мұнай өңдеу зауытымен «Тухлая балка» булану алыңын қалпына келтіру;
қаланың екі жақ бөлігіне ҚТҚ-ды сұрыптау кешендерін салу;
ірі мұнай-газ компанияларының: ТШО, NCOC, АМӨЗ және Ембімұнайгаз – көгалдандыру жұмыстары)», – делінген Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі редакцияға жолдаған ресми жауап хатында.
Облыс аумағында ауа райын автоматты тұрақты түрде бақылайтын 45 станса бар, оның 28-і облыс орталығында орналасқан. Олар: NCOC компаниясының 20, АМӨЗ кәсіпорнының 4 және «Казгидромет» РМК Атырау филиалының 4 стансасы. Өзге облыс аудандарында 17 станса («Казгидромет» р – 5, ТШО ЖШС – 12) бар.
Жыл соңына дейін Ескене және Қарабатан елді мекендеріндегі ауа сапасы қалада орналасқан 10 LED-экрандарға онлайн дерек ретінде жарияланатын болады.
Америкалық Йель университеті жанындағы Экологиялық саясат және құқық орталығы (Yale Center for Environmental Law and Policy) әзірлеген ауа сапасы жөніндегі 2020 жылғы рейтингте (The Environmental Performance Index тізіміндегі Air Quality индексі бойынша) Қазақстан 180 елдің арасында 115-орынға жайғасқан. Ауасы сапалы елдердің алғашқы үштігін Финляндия, Австралия және Швейция бастаса, Қазақстан қатарында Уганда, Вьетнам мен Гайана тұр.
Ашық дереккөздердегі мәліметтерге сәйкес, Алматы, астана, Шымкент қалалары мен Атырау өңірі ауасы ең лас өңірлер тізімінде. Аймақ белсенділері ауа сапасына байланысты жиі шағымданады. Бірақ үкіметтік деңгейде бірнеше рет қаралған мәселе әлі күнге дейін нақты шешілген жоқ.