Президент Н.Назарбаев латын жазуына өту туралы мәселе қозғаған соң, қоғамда түрлі пікір көбейді. Қолдаушылар өте көп. Әсіресе, бұл мәселеге сонау тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ат салысып, тікелей жұмыс атқарған адамдар қатты қуанулы. Солардың бірі, «АВСnet әліппесін» дайындаған лингвист ЖанатАймағанов. Ол кісімен қазіргі өзекті тақырып бойынша әңгімелескен едік.
– Латын қарпіне көшу туралы бұрын да қозғалған еді. Сол кездерде не үшін көтерілді және неге аяқсыз қалды?
– Латын жазуына көшу мәселесі соңғы рет 2012 жылдың 12 желтоқсанында көтерілген болатын. Біздің кирилл әліппесі компутерге мүлдем бейімделмеген. Қиын болса да өзіміз икемге келтіріп, қазақша жұмыс істеткен болып жатырмыз. Елбасы менің ойымша, латын әліппесіне көшуді 2025 жылға ұсынғаны, қоғамның ойын білгісі келген. Ал одан кейін қоғам бұған аса мән бере қоймаған соң, бұйрық түрде іске асыруды жөн көрді. Енді бұл іс тек сәтті болсын!
Қазір кез-келген мекеме, кез-келген кәсіпорын желі арқылы жұмыс істейді. Электронды төлем жүйесі болсын, өзгесі болсын бәрі де желіде. Көптеген үлкен компаниялардың бөлімшелері әрбір мемлекетте орналасқан. Олар да бір-бірімен желі арқылы жұмыс істейді. Осындайда кім арнайы қазақ кирилл әліпбиін компутер баспасынан іздеп жатады? Бұл біздің тіліміздің қолданысын тарылтады. Біз латын әліпбиіне көшеміз деп жүргенде желілердің бәрі орысша жасалып кетті. Сонда бізге нағыз универсал инструмент керек болады. Әрине латын әліпбиіне көшуді қолдамайтын адамдар бар. Тіпті өз қазағымыздан да көп шығады. Алайда, оларға назар аударатын уақыт жоқ.
– Сіздің ойыңызша, біздің латын қарпіне ертерек көшуімізге саясат жақтан кедергі болды ма ?
– Саяси жақтан ықпал болғаны анық. Бұл мәселені талайлар зерттеп қойған, «Қазекеңдер осымен жүре берсін» дегендей. Оны қойғанда латын әліпбиін қолдану туралы ұсыныстар мен жобалардың өзі кедергіге ұшырады. Айталық, менің оқу әдістемелік құралын алсақ. Мен 1993 жылы Щучинск қаласының ТУРАН банкісінде жұмыс істеп жүріп, Операционный день банка» программасын қазақшаға аудардым. Аударғанның нәтижесінде программа қазақша жұмыс істеп, ал орысша тек синхрондық аударма ретінде жұмыс жасады. Мен оны бүкіл елімізге үлгі ретінде таратқым келді. Бірақ бұл программа құжаттарды принтерге шығарар кезде, принтер атша шапшып, тыңдамады. Зерттей келе біздің қазақ кирилл әліппесінің драйвері (подпрограмма) мүлдем жүйеге келмейтінін анықтадым. Оны жөнге қою уақытты талап етті. Негізгі жұмысымнан ауытқығаным бастықтарға ұнамады. Бастығым: «Пускай казахским языком занимается Назарбаев» деп, жұмыстан қуды.
Сол сияқты авторлық куәлікті алуым да күш болды. Патент беретін компутер зерттеушілер қазақша білмесе де, АВСnet әліппесінің қажеттілігін түсініп, құжаттарымды жоғалтып жіберді. Әйтеуір бір жылдан кейін мен оны қайтадан көтеріп, патент алуға тырыстым. Қолыма тиісімен мен Тіл комитетінің төрағасы Сұлтан Оразалинов мырзаға ойымды жеткіздім. Ол кісі «әліппені өзгерту үшін миллиардтаған доллар керек» деді. Менің «қаражаттың мүлдем қажеті жоқ» дегенімді тыңдағысы келмеді.
– Ал, қазір латын жазуына көшуге дайындығымыз қаншалықты? Дайын болмасақ, қандай жұмыстарды қолға алуымыз керек?
– Менің ойымша, ең бірінші жедел түрде қаріптердің нұсқасын дайындауымыз керек. Сосын бұл істі білім жүйесі тез арада бастап кетуі керек. Жыл соңына дейін деп жатыр, менінше жыл соңына созбай, жаңа оқу маусымы басталудан бұрын дайындап үлгеру керек. Әсіресе жаңа технологияларды жедел түрде қолға алуымыз қажет. Қағаз жағына байланып, тағы да қағаз бастылыққа салынып кетуге болмайды. Бәрінде электронды түрде жүзеге асыру керек, интернет, веб-сайттар арқылы. Ең тиімді жолы кітаптарды латынша басудан бұрын, біз білім жүйесінде мелекеттік қордан әр оқушыға iTab (планшет) сатып әперген жөн. Бұл жаңалық емес, себебі бұл іс сонау дамыған мемлекеттерден басталған. Бұл істі Грузия мен Балтық мемлекеттері білім жүйесінде қайталады. Сол сияқты газет-журналдардың веб-сайттарын латынша жаза бастау керек. Қосымша қағаз нұсқасының 50 пайызын латын әріпінде шығара беруге болады. Мемлекеттік басылымдар жедел түрде латынға көше бергені дұрыс.
Мен жасаған нұсқаның атын «желі әліппесі» деп қойдым. Неге десеңіз Енглишшеден аударғанда net- желі, ал АВС - әліппе дегенді білдіреді. Бұл желіде жұмыс жасауға ыңғайлы. Тіпті қазірден бастап жұмыс істей беруге болады. Ең бірінші бізге qz домен қажет. Бұл Қазақстан интернет аумағын айрықша көрсетің домен. Бірақ оған алдымен біз Қазақстанды Qazaqstan деп Біріккен Ұлттар Ұйымында өзгертуіміз қажет. Ал операциялық жүйелеріне қабылданатын аліппеге қазақ код парағын кіргізуіміз керек.
– Жаңа жазуды жаңадан үйрету мәселесі қалай болады?
– 1995 жылы латын жазуын үйрету туралы Бурабайда орыс тіліндегі мектепте экспремент жасаған болатынмын. Сонда үш-ақ сағат ішінде балалар үйреніп алды. Байқаған болсаңыз бірнеше айда, бір айда, тіпті бір апта ішінде біз шет тілін үйретеміз дейтін курстарының жарнамаларын көреміз. Оның қасында өз тіліңдегі тек өзгеріске түскен бейнелеу таңбасын үйрену қиын болмайды.
Бұл жерде Google translation секілді ауқымды программаларды жедел түрде қазақшалауға тура келеді. Себебі, олардың қолданысы кең. Оларды қолданатын қазақ жастарының бәрі орысшасын қолданады. Бұны өзгертпей болмайды. Операциялық жүйелер ағылшын тілінде болуы керек. Бізде керісінше Windows жүйесі Қазақстанда орыс тілінде. Сонда бұны орыс тілінде жұмыс істеуін кім бекітіп қойған?
– Латын графикасына өтсек бұрынғы жазылған маңызды нәрселерді қалай аударамыз?
– Бүгін осындай пікірлер бар. «Бұрынғы жазылған маңызды жазбаларымызды қалай аударамыз, бұл уақыт пен қаржыны қажет етеді» деген секілді. Бұндай құжаттарды аударуға уақыт кетпейді, қаражаттық шығындар да ел ойлағандай ауыр болмайды. Себебі қазір 90-шы жылдардан бергі көптеген маңызды құжаттар мен кітаптардың электронды нұсқалары бар. Ал қағаз нұсқаларындағы кітаптарды аудару үшін де жеңілдік көп. Қазір мәтін танушы программалар бар. Қағаздағы мәтінді электронды нұсқаға аудара алады.
Бүгін бізге қаражат, уақыт кедергі емес, керісінше латын жазуына ертерек көшпегеніміз ғана кедергі болады.Себебі уақытты созған сайын қаражаттың сұранысы өсе береді. Бұрын экономикамызды көтеру, басқа да толып жатқан істерді қолға алу керек болды. Құдайға шүкір, қазір жағдаймыз ол кездегіден жақсырақ. Елбасы да толық зерттеп, қараған болар деп ойлаймын. Сондықтан келесі жылдарға қалдырмай, жедел қабылдасақ «...тарихтың шаңына көміліп қалмаспыз».
– Қазақстанның латын жазуына көшуіне көрші Ресей түрлі теріс пікірлер айтып жатыр. Бұған не дейсіз?
– Иә, теріс пікірлер де болып жатқаны рас. Тіпті бұны президентіміздің стратегиялық қателігі деп жатқандар да бар. Бірақ олардың пікірімен санасудың қажеті жоқ. Керек десеңіз орыстардың өзі латын жазуына көшудің жоспарын, нұсқасын 1968 жылы жасап қойған. Бүкіл Интернет саласы орысша латын әліпбиімен жұмыс істей алады. Тіпті біздің Астананың картасы да орысша латын әліппесімен жұмыс істеп жатыр. Интернет Роботтар латынша орысша жұмыс істей береді. Біз айтып отырған ауқымды программаларға олар латын жазуындағы нұсқасын әлдеқашан енгізіп қойған.
– Латын әрпіне көшсек, ортақ графика үлгісі қалай болмақ? Орыс тілінен енген әріп, белгілерді алып тастаймыз ба?
– Бізге қазір акедемиялық әліппе керек емес, халықтық әліппе керек. Әріптер тек тілді бейнелей алатын аспап секілді болуы керек. Мысалы ағылшын тілін айтар болсаңыз 26 әріп арқылы елуге жуық оқылу дыбысын бейнелеп тұр. Қолданыста бар, қолдану құны бар дыбыстарды ғана қалдырып, грамматикалық жаңарту жасауға да болады. Ең маңыздысы қазақ тіліне қызмет ете алатын, қазақ тіліндегі дыбыстарды толықтай бейнелеп бере алатын болуы керек. Грамматикалық қайшылықтар тудырмаса болғаны, ортақ нұсқа талдау да қиын емес. Мысалы, қазір Қазақстан транзит мемлекетіне айналып барады. Сонда бізге ең танымал, сүйкімді, үш тілді бірақ қамтитын әліппе қажет деп ойлаймын. Иванов, Петров, Сидороров, Мыржықбаев, Қошқарбаев құжаттарда бір стандартпен басылуы тиіс. Мысалы, Ivanov, Petrov, Sidorov, Myrjyqbaev, Qoshqarbaev. Бұл дегеніміз деректер банкісінде, кез келген құжаттарда, банк карточкасында, теміржол билеттерінде латынша жазылған фамилиялар ешқандай басқа тілде жазуды қажет етпейді дегенді білдіреді. және шетел азаматтарынында Аты жөнін жазу оңай болады. Келе жатқан EXPO-2017 кезінде құжаттарды рәсімдеу өте тез әрі тиімді болар еді. Біз латын әліппесімен енглиш және орыс тілінің ықпалын азайтып, қазақ тілінің негізгі мәнін жоғалтпаймыз. Қажет болса бұл сөздер (фамилиялар) бастапқы қалпында бүкіл әлемік қолданысқа ене береді. Енді транзиттік мемлекет ретінде жол саласын айтсам, бүкіл жол белгілерін латын әліппесімен басатын болсақ, үш тілде қайталаудың қажеті болмайды. Бұл үлкен экономикалық ұтым емес пе? Мысалы, Астанадан Қостанайға шыққанда үш тілде жазылған үлкен жол белгісін кездестіресіз. Екатеринбург Екатеринбург Ekaterinburg. Бұл бір жағынан күлкілі және шығын. Латынша бір ғана Ekaterinburg десек, қазағын да, орысын да, шет ел азаматы да түсінетіні анық.
Естеріңізде шығар, ел егемендігінің алғашқы жылдары академик Әбдуәли Қайдар бастаған бір топ ғалым, латын әліпбиіне өту туралы Президентке хат жазған. «...Ғылыми ортадан бөлек, латынға оралуды журналистер қауымы саяси шешімді күтіп отырмай-ақ ерте бастан бастап кетті. Нәтижесінде, «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті» газеттері, «Қазақпарат», Bnews ақпарат агенттіктері және басқалары мәтіндерінің латынша нұсқасын көп жылдан бері тиімді жүргізіп келеді...» Ия, шынында журналистер қауымы латынға оралуды бастап кеткен, бірақ қатеселесті. Мен бұл істі алғашқы күннен зерттеп келемін. Менің ойымша, бұл әліппе Сусанин жолдастын ісіне ұқсайды ма деп ойлаймын. Себебі жоғарыда сөз болған басылымдардағы сілтемелер тек аутоматтық түрде ғана жұмыс істейді, сол себептен бұнымен қолданып жатқандар бар ма, жоқ па ешкім керек қылмаған әрі қолданысқа тиімсіз. Осы барысында туындаған сұрақтарыма ешкімнен нақты жауап ала алмадым.
Қосымша айтарым жалғыз бұлар емес тіпті кезінде Үкіметтің сайты www.government.kz те осы латынмен латын сілтемесінде жұмыс істеді.
Ең өкініштісі бұл іс бізді қайда апарар екендігіне ешкімнің назар аудармайтындығы. Бұл Түркі тілдес халықтардың ортақ әліппесі деп, біреулер итермелеп жатқан шығар, бірақ біздің жағдай ерекше. Мені алаңдататыны орыс тілді латын әліппесінің керемет жұмыс істейтіні. Сапа жағынан да, қолдану жағынан да. Сонда қазақ тілінің ертеңгі күні не болмақ? Тағы тығырыққа тіреліп, басымыз қатып жүрмей ме?
Ауруын жасырған өледі, ал оны сезбеген сеспей қатады!
Ұсынып отырған ABCnet әліппем АҚШ-тың Әлемдік клавиатураға бейімделген. Сол себептен кез кезген символды басып шығару қиынға түспейді және ол аутоматты түрде емес, тәжірибе түрінде талапқа сай қолдануға болатын әліппе. Әсіресе біздің Қазақстандағы тіл Заңын ескере отырып жасалған.
2001 jyly búl álippeni men Bilim-Ghylym ministrligine ABCnet proekt retinde úsyngham. Búl proektining eng manyzdylyghy Internet sauatsyzdyqty joyu edi. Biraq 2002jyly paraqorlardyng kesirinen men tenderdan óte almadym.
Латыншаға 25 жыл бойы көшейік пе көшпейік пе деп жүргенде орыс тілі біздің бүкіл экономикамызды жаулап алды. Жаулап алғаны соншама, тіпті енглиш тілі де біздің экономикамызға жол таба алмай қалды. Ол дегеніміз шет елден келетін программалар Қазақстанда орыс тілінде жүмыс істейтіні. Сонымен қатар қазіргі кезде мобилдік программалар ( in driver, Uber т.с.с. ), әсіресе халықтың өзекті мәселелерін шешетін порталдар (kolesa.kz , krisha.kz , olx.kz t.s.s.) орысша. Осылардың қазақшасын қалай шешеміз? Ең қызығы осыны біле тұра, көре тұра, қолдана тұра, қазақ тілінің келешегiн түсінбеу қатты алаңдатады. Кейбір лауазымды адамдар латын әліппесіне көшсек, онда Қазақстандағы басқа ұлт өкілдері де латыншаға көшуі тиіс деп сұрақ көтереді. Бұл не себептен? Біз өзімізді жөндеп алайықшы ағайын, тек сосын басқаларға үлгі болайық. Әлде осы адамдардың латын әліппесіне сенімі жоқ па? Осы адамдардың өзі электрондық үкіметпен қолдана ма екен? Менің ойымша, қолданбайды. Өйткені e-gov порталының қазақша жұмыс істеуі тек көз бояушылық! Ал осы порталдың жұмыс істеуіне жарты миллиардтан астам $ АҚШ ақшасы кетті, сонда біз қай тілді дамыптып жатқаны түсініксіз.
Бүгінгі күні кез-келген компанияның аты Интернетте де бірдей жазылуы тиіс және электрондық пошта, әлеуметтік желілерде аты жөні де латынша бір қалыпты талап етеді. Осы тұрғысынан ақ біз өз талабымыздан артта калып қойдық. Ал егер біздің инженерлеріміз Әлемдік өлшем жүйесінің өлшемдерін стандартқа сай жаза алмаса инженерлеріміздің беделі қай денгейде екен? Себебі бұда латыншаға байланысты. Тіл ол рухани байлық деп бізді шатастырып қойған, менің ойымша бұл кәдінгі байлық заманымызға сай. Себебі жарнаманың құны бәрімізге мәлім. Осыны ескерген жөн.
– Әңгімеңізге рахмет!
Естай Божан
“The Qazaq Times”