Бізге мемлекеттік тілді ісжүзінде орнату маңызды. Латын қарпіне ауысу ұзақ жылдар мемлекеттік тілдің орнауын кейінге ығыстырады. Егер де, латын әріп таңбасы шын озық болса, Ресей өтер еді. Біздің ұлттық идея – латын графикасына көшу емес, мемлекеттік тілді орнату.
Жазу өзгертуге әуестену жақсылыққа апармайтынын білсек. Бізге нарықтық реформаларды және құқықтық реформаларды жаңғыртуымыз керек. Латын жазуы көңілімізді паллиативтік мақсаттараға бұрады. Нәтижеде артта қаламыз. Кезінде Қазақстанннан ІЖӨ-і төрт есе көп Өзбекстан латын әрпіне өтуден басқа реформа жасаған жоқ еді. Ал, Қазақстан нарықтық реформаларды жүзеге асырған. Нәтижесінде Қазақстанның ІЖӨ Өзбекстаннан төрт есе артық болып шықты.
Қазақстанға жергілікті өзін-өзі басқару реформасы керек еді. Облыстық әкімді мәслихат тежеу керек еді. Келеңсіз шенеунікті мәсхлихат алып тастайтындай құзыры болу керек еді. Қазақты тағы да бөлшектейтін жолға түстік. Біреуі латын, біреуі кирилл, біреуі араб графикасын пайдаланады. Бар болғаны 12 млн. қазақ болашақта бірнеше жазу үлгісінде оқитын болады, немесе қазақшадан бас тартады да, орысша оқиды.
Қазақтың бір бөлігі бұрыннан қазақша білмейді. Тағы бір бөлігі қазақшаны мойындамайды. Қазіргі қазақ билігі мемлекеттік тілді қолдамайды. Қолдаса толық дәрежеде мемлекеттік тілді көтеруге болатын еді. Мемлекеттік тілді ақсату үшін латын әріптері енгізілмек. Шөре-шөре болған қазақ бірте- бірте орысшаға өтетін болады. Жазу өзгерген кезде қазақ тілі әлсірейді, өтпелі кезеңде орыс тілінің позициясы күшейеді де, мемлекеттік тіл функциясы орындалмай қалады. Латын жазбасына қазақтың тілінің өтуі қазақты орысшаға өтуді мәжбүрлеу. Үштұғырлы тіл және латын әрпіне өту Кремльдің бізге күштеп отырған саясаты, мақсат – қазақты орыстың тіл кеңістігі мен пропагандистік ықпалында қалтыру.
Нысаналы және кешенді соққылар түбіне жетеді. Қазақ тілі әрі де жеңіле береді. Кейін тағы жазу өзгертпек болады. Жазу таңбасын өзгерту қазақ тілін жеңудің жеңіл жолы бола қалды. Қоғамдағы маңызды мәселелер талқылаусыз қалады. Қазақ тілін өзін күшейтуге жұмсалатын уақыттан ұтылады. Қанша қаржы далаға тасталады?! Бұл қазақ тіліне қарсы диверсия. Естеріңізде болса, 1929 жылға дейін біз араб жазуында болдық. Содан кейін латын жазуына ауыстық, кейін кирилл графикасына ауыстық, кезіндегі көп жазбалар оқусыз қалды. Содан араб жазу үлгісі мен латын таңбасындағы жазылған әдеби мұра далада қалды. Енді барлық бұрынғы мәдени мұра жоқ болды. Солай біз қазақты адастырдық. Қазақша документ айналымы азаяды. Себебі латын әрпінде жазылған құжатты түсіну қиын болады. Орысшасын оқитын боламыз. Ол қазақ тілін шегіндіреді.
Біздің түпкі мақсатымыз қазақты қазақтандыру еді, кирилл әрпін бәрі біліп тұрғанда, қазақтандыру мүмкіншілігі көбірек еді. Енді орыс тілді қазақты латын әрпі арқылы қазақшаға үйрету қиындау тиер. Бізге латын жазуы емес тиянақты мемлекеттік тіл саясаты керек. Егер де, жазу ауыстырсақ, қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеру мүмкін болмас. Себебі, көп қазақ латын жазуын игергенше тағы уақыт керек болады.
Ары қарай не болады: екі жылдай қазақ аң-таң болып, не пайда бар екенін түсінбейді. Үшінші жыл қарсы дауыс шыға бастайды. Бесінші жылы латын әрпі реформасынан бас тартып, барлық бәлені Нұрекеңе жабады. Сонда сарапшылар, депутаттар қайда қарады деген сұрақ туады.
“The Qazaq Times”