АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозердің жергілікті құқық қорғаушылар және үкіметтік емес ұйымдардың басшыларымен кездесуін Ақорда-Кітапхананың назарын аударуға деген ұмтылыс десек те болады. АҚШ Мемлекеттік департаментінің әлем елдерінде, оның ішінде Қазақстандағы адам құқықтары мәселесі жөніндегі есебі де бұл кездесуге түрткі болды. Себебі аталған құжатта Қазақстандағы екі оппонент – Ақорда мен Кітапхана билігінің азаматтық белсенділерді қудалап, сөз бостандығына шектеу қоятыны жазылған.

Мемдепартамент Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттіктен кетсе де, билікке деген ықпалын сақтап қалғанын, ал Қасым-Жомарт Тоқаевтың құқықбұзушылыққа толы сайлауда президент атанғанын жазған. Сондай-ақ құжатта Қазақстанда түрмеде азаптау, адам саудасы, елде саяси тұтқындар бары, соттың тәуелді екені, интернеттің бұғатталатыны, баспасөз мен сөз бостандығы шектелгені, жұрттың митингіге шығу құқығы тапталатыны, кәсіподақ құруға мүмкіндіктің аздығы айтылады.

Өз кезегінде Мозер Вашингтон Қазақстандағы адам құқығы мәселелеріне алаңдайтынын, астанамен бұл мәселе бойынша келіссөздерді жиі жүргізетінін жеткізді. Бірақ, АҚШ Мемлекеттік департаменті ел билігіне қандай шара қолдану керектігін әлі шешкен жоқ. Бұл ретте АҚШ Еуропа ұстанған бағытты қолдайтынын білдірді.

11 ақпанда Еуропарламент отырысының түскі сессиясында депутаттар Қазақстанда өткен сайлау кезінде «түрлі заңдар негізгі бостандықтарға елеулі шектеу қойғанын, азаматтық қоғам мен балама көзқарастардың аясы тарылғанын» және «оппозициясыз», яғни сайлаушылардың «таңдау мүмкіндігінсіз өткенін», «тәуелсіз бақылаушыларға қысым күшті болғанын», «әдеттегідей бейбіт наразылыққа шыққан жүздеген адам ұсталғанын» айтып сынады. Саяси науқаннан басқа елдің саяси жүйесіндегі «созылмалы мәселелер» өткір талқыланды. «Естуші мемлекет» құруды ұрандатқанымен «саяси өмірі репрессивті сипат алған» Қазақстандағы әділетсіздікті сынайтын әрі 20 талаптан тұратын қарарға 693 депутаттың 598-і қолдап дауыс берген (43-і қарсы дауыс берсе, 52 депутат қалыс қалған).

Ал Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров қарарда «елдегі ахуал бұрмаланған» және «оны теріс ұстанымдағы саясаткерлер ұсынған» деп мәлімдеді.

Батыс парламенті «Қазақстан үкіметін халықаралық міндеттемелерге сәйкес әрекеттенуге, сондай-ақ EPCA құжатының 1, 4, 5 және 235-баптарында көзделген Адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын құрметтеуге талап ете; билікті сайлау өткізуде құқықтық өрісті сақтау туралы халықаралық нормаларды сақтауға және ДИАҚБ ХҚК ұсынымдарын, оның ішінде конституциялық кепілдік берілген негізгі бостандықтар –  азаматтық қоғамның саяси өмірге қатысу, саяси плюрализм, сайлау комиссияларының бейтараптығы, сайлау және сайлану құқықтары, сайлаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдарын (БАҚ) алаламай тіркеу сияқты міндеттерді орындауға шақырады», – делінген «Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі ахуалы туралы» ресми қарарда.

Сонымен қоса, Еуропарламентте Қазақстанда кейінгі кезде азаматтық қоғам ұйымдарына күшейген қысым, адам құқықтары жағдайы нашарлауы, саяси тұтқындар, абақтылардағы азаптау, бейбіт жиындар мен қауымдастықтар еркіндігінің шектелуі кеңінен сөз болды.

Алдағы уақытта да билік тарапынан саяси белсенділерді қудалау, митингтер кезінде ғаламторды бұғаттау, журналистердің хабар таратуына кедергі келтіру сынды қысым арта түссе, Америка Қазақстанға да шара қолдануы ғажап емес. Бірінші кезекте, Ақорда дипломатиялық тұрғыда қыспаққа алынуы мүмкін. АҚШ үшін геосаяси қарсылас – Қытай мен Ресейге қарсы шабуылдар да Қазақстанды айналып өтпейді.

Посткеңестік мемлекетке дипломатиялық қысымнан айтарлықтай нәтиже болмайтынын ұққан АҚШ қатаң саяси шараға көшуі мүмкін. Бұл кезең, ең алдымен, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Америкадағы жоғары лауазымды саясаткерлермен келіссөздер жүргізу және Джо Байденмен кездесу үшін Вашингтонға ресми іссапарымен басталады. Мұның көпвекторлы саясат ұстанатын Қазақстанға жеңіл соқпасы анық.

АҚШ үшін Қазақстан билігіне әскери-саяси және экономикалық қана емес, сонымен бірге санкциямен ықпал ету де мәселе емес. Бұл үшін «Қазақгейтті» қайта жандандыру; биліктің азаматтық қоғамға қысымы және белсенділердің құпия өлімі; Жаңаөзен оқиғасы және тағы басқа мәселелерді негізге алуға болады. Тіптен, Назарбаев, оның ең жақын серіктестері мен туыстарына қатысты тергеу жүргізу де жеткілікті. Ал тұтас Қазақстанға АҚШ және Еуропалық одақ шара қолданған жағдайда, қазіргі жүйенің төтеп бере алуы екіталай. Бұған пандемияда тұралап қалған экономикалық жағдай, халық ахуалы, сыртқы факторлар дәлел.

Ал егер сыртқы қысым Қазақстандағы жекелеген тұлғаларға, авторитарлық саяси жүйеге және «суперпрезиденттік»-ке соққы ретінде бағытталса, басқа әңгіме. Дегенмен, бұл экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев үшін үлкен проблема болмас еді. Себебі ол ықпалын сақтап қалса да, ресми түрде билік басында отырған жоқ.

«...Назарбаев 30 жыл басқарған елде  Тоқаев өзгерісті талап етуге хақылы. Бірақ оның реформалық үндеуіне қарамастан, Қазақстандағы шындық бұрынғыша өзгеріссіз қалуда. ...Егер Тоқаев Қазақстанның адам құқығы тәжірибесін шын мәнінде өзгерткісі келсе, бейбіт жиын өткізу туралы заңын реформалап, бейбіт шерушілерді қамауды тоқтатуы тиіс. Ірі уәде мен риторика жеткіліксіз» (Халықаралық Human Rights Watch адам құқықтарын қорғау ұйымы).

"The Qazaq Times"