Астананың Есіл аудандық соты атыраулық белсенді Макс Боқаевтың сайлау заңнамасына енген түзетулерді заңсыз деп тану туралы Қазақстан президентіне, парламент палаталарының төрағаларына қарсы талап-арызын кері қайтарды. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

26 сәуірдегі ұйғарымында Есіл аудандық сотының судьясы Аяпбергенова Қазақстан Конституциясының 4-бабының 1-тармағына, «Құқықтық актілер туралы» заңға және Азаматтық іс жүргізу кодексінің 30-бөліміне сәйкес сот «нормативтік-құқықтық актінің заңдылығын тексеруге хақылы», ал «заңның [Конституцияға] сәйкестігін Конституциялық кеңес қарастырады» деген уәжбен талап-арызды азаматтық іс аясында қараудан бас тартып, кері қайтаратынын айтқан.

Соттың уәжі бойынша, президенттің миссиясы – «мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындау, ел ішінде және халықаралық қатынаста Қазақстан атынан өкілдік ету». Судьяның айтуынша, сенат пен мәжіліс төрағаларының әрекетіне қарсы болу мүмкін емес, «себебі заңдар дауыс беру арқылы, ұжымдық жолмен қабылданады». Сондықтан, президенттің, парламент сенаты мен мәжілісі төрағаларының әрекеттері "сотта қарастыруға жатпайды».

Макс Боқаев пен белсенді Талғат Аян 1995 жылғы конституциялық заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы 2018 жылғы 29 маусымда қабылданған конституциялық заң «Қазақстан Республикасы азаматының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзады, олардың азаматтық құқықтарын, азаматтық бостандықтарын және заңды мүдделерін жүзеге асыруына кедергі жасайды деп тануды» талап етіп, президент Тоқаевты, парламент сенатының төрағасы Әшімбаевты және мәжіліс төрағасы Нығматулинді сотқа берген.

Заңға енгізілген түзетулер бойынша, Қазақстандағы жергілікті уәкілдік орган – мәслихат сайлауына тек саяси партияға мүше азаматтар ғана қатыса алады. Белсенділердің пікірінше, бұл түзетулер «партияға кірмеген азаматтардың мәслихатқа сайлану құқығын шектейді». Биыл қаңтарда осы заң негізінде сайлау өтті.

1 сәуірде Атырау соты бірнеше себеппен, соның ішінде жауапкерлер Тоқаев, Әшімбаев, Нығматулиннің Нұр-Сұлтанда екенін айтып, талап-арызды кері қайтарған соң белсенділер астана сотына қайта арызданған.

Азаттық радиосына берген сұхбатында Макс Боқаев «сот ұйғарымын заңгерлерге жіберіп, сараптама жасап жатқанын», оған байланысты жоғары инстанция сотына апелляция беретінін хабарлады. Оның айтуынша, соттың бұл ұйғарымында «қайшылық бар».

Арызданушы екі белсендіні сот 2016 жылғы күзде түрме жазасына кескен. Сол жылы жер дауы тұтанғанда Атырауда мыңдаған адам алаңға жиналуымен басталған наразылық жалпыхалықтық сипат алып, өзге аймақтарда жалғасқан. Халық жерді шетелдіктерге жалға беруге жаппай қарсылық білдіргеннен кейін жер комиссиясы құрылған, нәтижесінде билік шетелдіктерге жалға беруге уақытша мораторий енгізген еді. Елдің санасын серпілткен митингте көзге түскен атыраулық белсенділер – Макс Боқаев пен Талғат Аян сотталды, әрқайсы бес жылдан арқалады. Оларға «әлеуметтік араздық тудырды», «жалған ақпарат таратты» және «митинг өткізу заңдарын бұзды» деген айыптар тағылды. Сот 2018 жылы сәуірде Аянның өтініші бойынша оны қамаудан, кейіннен жазадан толықтай босатқан. Макс Боқаев «қамаудан уақытынан бұрын шығуға сұранбайтынын, өзін толық ақтауды талап ететінін» мәлімдеген. Ол биыл ғана кейбір басты құқықтары шектеліп босатылды.

“The Qazaq Times”