Жердің шетелдіктерге жекеленуін тоқтатуда бастамашы ретінде елге танылған атыраулық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян сайлау туралы заңнамаға енген түзетулерді алып тастауды талап етіп, президент Тоқаев пен парламенттің қос палатасының төрағалары үстінен сотқа шағым түсірді.
Бұл жөнінде белсендінің бірі Талғат Аян Facebook желісіндегі парақшасында жариялады. Арызданушылардың айтуынша, заңдағы өзгерістер «партияға кірмеген азаматтардың мәслихатқа сайлану құқығын шектейді».
Боқаев пен Аян азаматтардың мәслихат депутаттарына өзін ұсынуына тыйым салатын 2018 жылы заңнамаға енген өзгерістер Конституцияға қайшы деп есептейді. Олардың пікірінше, Конституцияда қазақстандықтардың мемлекетті басқару ісіне қатысу құқығына кепілдік берілген және аталған өзгеріс азаматтардың жергілікті өкілдіктеріне сайлану құқығын бұзады.
Бұл өзгерістер қабылданғаннан кейін өткен алғашқы мәслихат сайлауында (2021 жылдың 10 қаңтары) сайлаушылар кандидаттарға емес, саяси партиялар үшін дауыс берді. Бюллетеньде бес партия көрсетілді, арасында бірде-бір оппозициялық партия болмады. Мәслихаттағы орындардың басым бөлігін бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясы иеленді. Қазақстан билігі сайлаудың «әділ» өткенін айтты. Ал батыс бақылаушылары сайлау «бәсекеге сай өтпеді» деп мәлімдеген.
Белсенділер мәслихаттар «көшені жарықтандыру, ауаның ластануы, жол салу мәселесі сияқты аймақтағы мәселелерді шешуі тиіс», ал партиялық тізіммен сайланғандардың «көпшіліктің мүддесіне бас қатыруы екіталай» деп санайды.
Талап Атырау қалалық сотына берілді. Онда талапкерлер Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі №2464 Конституциялық заңына енгізілген кейбір өзгерістер мен толықтыруларды заңсыз деп тануды, сондай-ақ 2018 жылғы 29 маусымдағы №162-VI Конституциялық заңынан 9 ережені алып тастауды сұрайды.
Арызданушы екі белсендіні сот 2016 жылғы күзде түрме жазасына кескен. Сол жылы жер дауы тұтанғанда Атырауда мыңдаған адам алаңға жиналуымен басталған наразылық жалпыхалықтық сипат алып, өзге аймақтарда жалғасқан. Халық жерді шетелдіктерге жалға беруге жаппай қарсылық білдіргеннен кейін жер комиссиясы құрылған, нәтижесінде билік шетелдіктерге жалға беруге уақытша мораторий енгізген еді. Елдің санасын серпілткен митингте көзге түскен атыраулық белсенділер – Макс Боқаев пен Талғат Аян сотталды, әрқайсы бес жылдан арқалады. Оларға «әлеуметтік араздық тудырды», «жалған ақпарат таратты» және «митинг өткізу заңдарын бұзды» деген айыптар тағылды. Сот 2018 жылы сәуірде Аянның өтініші бойынша оны қамаудан, кейіннен жазадан толықтай босатқан. Макс Боқаев «қамаудан уақытынан бұрын шығуға сұранбайтынын, өзін толық ақтауды талап ететінін» мәлімдеген. Ол биыл ғана кейбір басты құқықтары шектеліп босатылды.