Бүгін 4 ақпанда Атыраудағы УГ-157/9 мекемесінен белсенді Макс Боқаев босап шықты. 2016 жылғы Қазақстан халқын аяғынан тік тұрғызып, сол кездегі президент Назарбаевты заңға мораторий енгізуге мәжбүр еткен жер дауынан кейін 5 жыл түрмеде отырған «саяси тұтқын» Макс Боқаевты абақты қақпасынан жақтастары мен журналистер күтіп алды. Белсенді елге алдағы жоспарын жеткізді.

Бұған дейін қамаудан шыққаннан бойда бірден алаңға баратынын айтқан Макс Боқаев босатылардан бір күн бұрын Азаттыққа «соттың қаулы шығарып, өзіне митингіге баруға, әлеуметтік желі қолдануға тыйым салғанын» хабарлаған. Бүгін бұл сөзін қайта қуаттады:

«2016 жылы 2 ақпанда Талғат екеуімізге үкім шығарған судья қосымша қаулысында қоғамдық жұмыстарға араласуға тыйым салған еді. Дебат, телекөпір, бейбіт жиналыс, телебағдарламаларға қатысуымды шектеген», – деді.

Оны қарсы алуға Демпартияның бастамашыл тобының өкілдері мен жетекшісі Жанболат Мамай, елдің әр аймағынан азаматтық белсенділер келді. Халықаралық және елдегі құқық қорғаушылар «саяси тұтқын» ретінде таныған белсенді жиналғандардың алдында алдағы жоспары мен саяси талабы туралы арнайы сөз сөйледі. Қазақстан халқын наразылыққа белсенді түрде қатысуға шақырды.

;t=11s

«Маған тыйым салса да қоғамдық жұмысымды жалғастыра беремін. Мен 28 ақпан, 7, 14, 21, 28 наурыз күндері митингке шығамыз. Егер Үкімет талабымызға құлақ аспаса, 3 сәуірден бастап алаңдарға шатыр тігіп, наразылықты жалғастыру керек. «Назарбаев – зейнетке, Дариға – Лондонға, Қажыгелдин мен Әблязов – астанаға, Бергей – Атырауға, Демпартия – мәжіліске» деген формула ұсынамын. Мәжіліс сайлауын биыл қайта өткізу керек. Президент Тоқаев «халықтың үніне құлақ асса», Атырауға келсін. Ұлттық ымыра жасасайық», – деп мәлімдеді Боқаев.

Сонымен қоса, ол осы уақытқа дейін өзіне қолдау білдерген жақтастары мен көпшілікке алғысын білдірді.

«Анамды, мені, бауырларымды, Талғатты қолдағаны үшін барлық елге, шетелдегі жанашырлар мен халықаралық ұйымдарға рақмет. Халықтың қолдауы болмағанда мені жоқ қылып жіберуші еді», – деді.

"Саяси тұтқын" атанған Макс Боқаев жақтастарының ортасында. Фото: Facebook / Жанболат Мамайдың парақшасынан

Жиналғандар Исатай-Махамбет алаңына берып сейіл құрып қайтуға бет алды. Боқаевтың айтуынша, бүгінгі жоспарында анасына барып сәлем беріп, республиканың әр аймағынан келген белсенділермен дастархан басында бас қоспақ.

Ол 2016 жылғы күзден бері түрмеде отырған. Атырауда мыңдаған адам алаңға жиналуымен басталған наразылық жалпыхалықтық сипат алып, өзге аймақтарда жалғасқан. Халық жерді шетелдіктерге жалға беруге жаппай қарсылық білдіргеннен кейін жер комиссиясы құрылған, нәтижесінде  билік шетелдіктерге жалға беруге уақытша мораторий жариялаған. Елдің санасын серпілткен митингте көзге түскен атыраулық белсенділер – Макс Боқаев пен Талғат Аян сотталды, әрқайсы бес жылдан арқалады. Оларға «әлеуметтік араздық тудырды», «жалған ақпарат таратты» және «митинг өткізу заңдарын бұзды» деген айыптар тағылды. Сот 2018 жылы сәуірде Аянның өтініші бойынша оны қамаудан, кейіннен жазадан толықтай босатқан. Макс Боқаев «қамаудан уақытынан бұрын шығуға сұранбайтынын, өзін толық ақтауды талап ететінін» мәлімдеген.

“The Qazaq Times”