Белгілі ақын, "Жазушы" баспасының директоры, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты Есенғали Раушанов қайтыс болды. Бұл ақпаратты бүгін, 16 сәуірде Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Ақберен Елгезек Facebook парақшасында хабарлады.

"Қадірлі ағайын! Қазақтың аса көрнекті ақыны, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Есенғали Раушановтан айырылып қалдық. Алла алдынан жарылқасын. Асыл рухы бейіштің төрінде шалқысын. Қосымша ақпарат кейінірек беріледі" деп жазды Елгезек.

Есенғали Раушанов 1957 жылы 5 қазанда Қарақалпақстанда туған. ҚазМУ-дің (қазіргі ҚазҰУ) журналистика факультетін бітірген. Өлеңдері 1973 жылдан бері жарияланып келеді. 1983 жылы «Бердәулет пен Жоламан» атты поэмасы Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің, Қазақстан Жазушылар одағы, Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитеті мен «Жалын» баспасының озық шығармаларға жариялаған бәйгесінде бірінші орын алды.

1983-1987 жылдары "Жалын" және "Арай" журналдарында поэзия бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, 1988-1995 жылдары "Білім және еңбек" журналының бас редакторы қызметін атқарды. 1995 жылдан елдегі ең ірі әдеби баспалардың бірі "Жазушы" баспасының директоры болған.

Оның өлеңдері орыс, литва, болгар, чех, украин, өзбек, қырғыз тілдеріне аударылған. Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. Мәскеуде өткен жас ақын-жазушылар фестивалінің, сондай-ақ Қазақ КСР-і шығармашылық жастарының "Жігер" фестивалінің тұңғыш лауреаты. Қазақ КСР-і сыйлықтарымен және тәуелсіз Қазақстанның он жылдығы медалімен марапатталған. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты (2006), "Құрмет" орденінің иегері.

Алаштың аяулы "өлеңіне" айналған ақынның отбасы-туыстары, барша оқырмандары мен әдебиетсүйер қауымға қайғыра көңіл айтамыз.

Қара бауыр қасқалдақ

Қара бауыр қасқалдақ, қайда ұштың пыр-пырлап?

Сазың қалды сәбидің еңбегіндей былқылдап.

 

Қарабауыр қасқалдақ, қасқалдағым, кері қайт,

Сиреп кеткен тоғайға қамықпа деп көңіл айт!

 

Ұя қалса иесіз, айдын үшін сол қайғы,

Қаңғып келген шүрегей көлге пана болмайды.

 

Өз босағаң бұл жердің тауы, қыры, төбесі,

Босағасын басқаға тастай ма екен, о несі?

Қасқалдағым, кері қайт!..

"The Qazaq Times"